Павлодарда «Ана мен бала» демалыс бағдарламасын өткізу дәстүрге айналды

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық кәсіподақ ұйымы жыл сайын «Ана мен бала» демалыс бағдарламасын өткізуді дәстүрге айналдырды. Оған білім беру саласында жұмыс істейтін аналар мен олардың балалары қатысуда.

Бес күнге есептелген пайдалы демалыстың бағдарламасы Баянауылдағы Жасыбай көлінің жанындағы «Жан» демалыс үйінің базасында өтіп жатыр.

Бағдарлама аясында ойын-сауық ойындары, конкурстар мен спорттық эстафеталар, квесттер және балалар би флешмобы ұйымдастырылмақшы.

Айта кетейік, биыл салалық Білім және ғылым қызметкерлерінің Павлодар облыстық кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелерінің толыққанды демалысы мен санаторлық – курорттық емделуін жүзеге асыру мақсатында 1026 жолдама берді. Кәсіподақ мүшелері жолдаманың барлық құнының 50%–ын өздері, ал қалған 50%-ын Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының облыстық ұйымы қорынан төленеді.

Бүгінгі таңда Павлодар облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының қатарында 5920–дан астам педагогикалық еңбек ардагері бар, соның ішінде біреуі Ұлы Отан соғысына қатысушы. 2022 жылдың 11-20 мамыр аралығында облыстың 40 педагогикалық еңбек ардагеріне “Нефтяник” профилакториінде сауықтыруға жолдамалар сатып алынды.

Сондай-ақ, осы жазда «Жан» демалыс базасында  «KASIPODAQ. JAS USTAZ» атты форум өтеді. Бұл форумда облыстың барлық аймақтарынан жас және белсенді мұғалімдер бас қосып, олар шығармашылық ойлаудың жаңа көкжиегін ашуда  өз тәжірибелерімен бөліспекші.