Әлеуметтік әріптестік жылына арналған іс-шаралар шеңберінде «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-нің локальды кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесу өтіп, оған «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС Басқарушы директоры М.Шаяхметов, Құрылыс кешені және ТКШ қызметкерлері салалық кәсіподағы “Астана” қалалық филиалының төрағасы Т.Мадьярова қатысты.
«Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС локальды кәсіподақ ұйымының төрағасы Р. Кабдула өз сөзінде жыл ішіндегі жұмыстың қорытындысын шығарып, қатысушыларды кәсіподақтың бастамасы бойынша қолданыстағы ұжымдық шартқа, атап айтқанда еңбекақы төлеу жүйесі туралы ережеге толықтырулар енгізілгені туралы хабардар етті.
Соның ішінде қызметкердің өтініші негізінде нақты жұмыс істеген күндері үшін айына бір реттен асырмай қызметкердің лауазымдық жалақысының 40% мөлшерінде аванс төлеу, қызметкерлерге орташа жалақысы сақтала отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына кепілдік беру, кезекті еңбек демалысына шыққан кезде қызметкерлерге жылына бір рет екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу көрсетілген.
Филиал төрағасы Т.Мадьярова салалық кәсіподақтың әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту жөніндегі қызметі, еңбек мәдениетіне оң көзқарасты қалыптастыру үшін өткізілетін іс-шаралар туралы айтып берді.
Өз кезегінде жұмысберушінің өкілі М.Шаяхметов кәсіподақ ұйымының оң жұмысын және олардың ұжымдағы корпоративтік тұрақтылықты нығайтуға белсенді қатысуын атап өтті.