Әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақандарын сезінеді. Дәрігерлердің кәсібилігі тек Гиппократ антына адалдығымен емес, жүрек құдіретімен де өлшенеді. Нағыз дәрігерлер, нағыз медицина қызметкерлері – бейбіт күннің батырларына тән ерлік жасайды. Әсіресе, мұндай жанкештіліктің үлгісін олар күні кеше басымыздан өткен жаһандық пандемия кезінде көрсете білді.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында адам жанының арашасысы, ақ халатты абзал мамандық иелеріне ерекше құрмет көрсетілді.
Уақытпен санаспайтын, дәрежеге таласпайтын, сырқатқа шалдықққан жанның уайымы мен дертін аластайтын медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев құттықтап, игі тілегін жолдады. Бұдан соң ол сала үздіктерінің бір тобына Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері мен облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.
Медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «Медицина үздігі» атты облыстық байқаудың қорытындысымен он аталым бойынша анықталған үздік мамандық иелеріне облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалы атынан дайындалған ақшалай қаражат – әрқайсысына 300 мың теңгенің сертификаттарын басқарма басшысы Асхан Байдуәлиев табыстады.
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова кәсіподақ белсенділеріне салалық кәсіподақтың «Кәсіподақ үздігі» төсбелгілерін тапсырды.
Салтанатты шара жақсылыққа жаны құмар періште көңіл, аманатқа адал ақжелең мамандық иелеріне арналған Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әртістерінің концерттік бағдарламасына ұласты.