Кәсіподақ жұмысын цифрландыруға арналған семинар өтті

Цифрландыру – заман талабы. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер, өндіріс ошақтары, білім, медицина, жалпы кез-келген сала цифрлық технологиялардың көмегіне жүгіне бастады. Бұл өз кезегінде адамзаттың өмір сүру сапасын жақсартып, жұмыс процесін жеделдетіп, жеңілдетіп, жүктемені мейлінше азайтуға септігін тигізуде.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы да ақпараттық технологияларды игеруде.

Бұл бағытта кәсіподақ мүшелерімен байланысты қамтамасыз ететін, оларға кеңес беріп және анықтамалық көмек көрсететін «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» мобильді қосымшасы әзірленіп, іске қосылды.

Қазіргі таңда Салалық кәсіподақ іс қағаздарын цифрлық платформаға көшіру бойынша пилоттық жобаны іске қосқалы жатыр.

Жоба аясында бүгін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының мамандары, есепшілері мен аудандық филиал  төрағалары үшін оқыту семинары ұйымдастырылды. Кәсіподақ құжаттарын цифрландырудың тетіктерін «Avalon-Service Astana» серіктестігінің  мамандары  Алма Серікбаева мен Ардақ Сейтбаталов жан-жақты түсіндірді.

Айта кетейік, Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы республиканың 6 мүшелік ұйымында: Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстық ұйымдарында, сондай-ақ Алматы қалалық «Ұстаз» кәсіподағында, Алматы қалалық ұйымында пилоттық жобаны іске қосу туралы шешім қабылдады.

Сандық технологиялар кәсіподақ жұмысын оңтайландыруға, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау жөніндегі қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.