Шымкент қаласының халқына қоғамдық көліктік қызмет көрсету бойынша жұмыс жасап жатқан «YNTYMAQ» кәсіпкерлік жұмыскерлерінің кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Shymkent Bus» мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі Момбеков Қалдархан Баймаханұлы «Елеулі еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды.
Қалдархан Баймаханұлының 70 жасқа толу мерейтойымен қатар келген марапат рәсімінде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев ұзақ жылдар бойы автомобиль көлігі және жол саласында еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін төс белгі табыстап, қаржылай сый сияпат беріп, құттықтау тілегін жеткізді.
Қалдархан Момбеков – бүгінде болмысы ерекше еңбек ардагері, автомобиль көлігі және жол саласында еңбек майталманы, ел мақтанышы. Ол еңбек өмір жолын 1974 жылы инженер механик лауазымынан бастап, 1979 жылға дейін «Жөндеу-механизм» зауытында инженер–технолог қызметін атқарған. 1982-1985 жылдары аралығында «Үй құру комбинатында» бас механик, комбинат бастығының орынбасары, 1985-1995 жылдары Сырдария электр жөндеу мекемесінде көлік жөндеу шебері, 1995-1997 жылдары «Шавкат» фирмасының директоры, 1997-2000 жылдары Шымкент қаласының әкімдігінде бас маман, бөлім бастығы болды.
2000-2019 жылдары аралығында ОҚО әкімдігінің «Энергосервис орталығы» мекемесі басшысының орынбасары, облыстық Энергетика бөлім бастығы, «Мирка» ЖШС-ң директоры қызметін атқарған. «Адал еңбек — жолдан тайдырмайды, жақсылар жолы – жаңылдырмайды» – деген осы.
Марапаттау рәсімінен соң Қалдархан Момбеков кәсіподақ активіне және барлық әріптестеріне қызметте амандық тілеп, ел игілігі жолында атқарып жүрген жұмыстарына табыс пен береке тіледі. Ал әріптестері өз кезегінде қуаныш иесіне мықты денсаулық тілеп, бүгінгі марапатымен шын жүректен құттықтады.