Үйлестіру кеңесінде өңірлік келісімнің ережелері талқыланды

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, Шымкент қаласының әкімдігі және «Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясы» арасындағы 2021-2023 жылдарға жасалған өңірлік келісімді талдау, ұжымдық шарттарды мониторингтеу, келіссөздер жүргізу пулын қайта жасақтау, қоғамдық қабылдауды ұйымдастыру, кәсіподақ мүшелеріне «Заң клиникасы» тарапынан көмек көрсету мәселелері қаралды.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері өңірлік келісімге енгізілуі тиіс деп санайтын жұмысшылардың мүдделерін қорғайтын нормалар жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Кеңес отырысы айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, өңірлік келісімге өзгерістер мен толықтыруларды қалыптастыру жөнінде шешім қабылдады.

Сонымен қатар, келіссөздер жүргізу пулының құрамына салалық кәсіподақтар филиалдарының басшыларын, қоғамға белгілі тұлғалар, оның ішінде қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен қоғам белсенділерін енгізу ұсынылды. Кеңесте отырысында қоғамдық қабылдауды ұйымдастыру, «Заң клиникасы» жұмысына қатысты мәселелер  талқыланды.