Бүгін «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі өтті. Жиынға салалық кәсіподақтар филиалдарының және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, кәсіподақ активі қатысты.
Күн тәртібінде: “Еңбек елшісі” келіссөзшілер пулының құрамын қайта қарау мәселелерін талқылау; ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «YouТube» каналына әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің тіркелуін қамтамасыз ету; Сапарғали Шолданбаевты «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттауға ұсыну бойынша мәселелер қаралды.
Кеңесте «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі күн тәртібінде көрсетілген бірінші мәселе бойынша “Еңбек елшісі” келіссөзшілер пулының құрамын қайта қарау мәселесін Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен талқыға салып, келіссөздер жүргізу пулының құрамына қоғамға белгілі тұлғалар мен қоғам белсенділерін енгізу ұсынылып, бекітілді.
Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «YouТube» каналына әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің тіркелуін қамтамасыз ету бойынша мәселесіне тоқталып, оны орындау мақсатында кеңес мүшелеріне тиісті тапсырмалар берді.
Бұдан бөлек Сапарғали Шолданбаевты «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттауға ұсыну мәселесі қаралды. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты толық қолдап, бірауыздан мақұлдады.