Шымкент қаласында еңбек дауларын сотқа дейінгі тәртіппен реттеу, заң кеңесі қызметін ұсыну және медиацияны дамыту бойынша өзара ынтымақтастық орнату туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Меморандум аясында «Шымкент қаласының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Нұржан Махамбетов, «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Ақшегірова, Шымкент қаласы адвокаттар алқасының төрағасы Серік Баймұратов, Шымкент қаласы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы Мадияр Әбдібай бірлесіп, өзара ынтымақтастық келісімін жасады.
Енді жаңа құжат тараптардың бірлескен жұмысына тың серпін бермек. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға бірлікте» Стратегиясын жүзеге асыру үшін еңбек дауларын реттеу, Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы», «Медиация туралы», «Атқарушылық іс жүргізу және жеке сот орындаушыларының мәртебесі туралы» және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамаларын басшылыққа ала отырып соның ішінде заң кеңесі қызметін ұсыну, медиацияны дамыту бойынша өзара ынтымақтастық құруда негіз болды.
Меморандумға қол қою рәсімінде сала өкілдері ортақ іске жоғары жауапкершілікпен қарауға және алдағы уақытта бірлесе отырып жұмыс жасауға уағдаласты.
Сондай-ақ, әр тарап дауларды шешу кезінде медиацияның қолдану мүмкіндіктері туралы түсіндірме беруге келісімге келді.