Қызылорда облысының ірі және орта кәсіпорындары басшыларымен облыс әкімдігі және облыстық кәсіподақтар орталығы арасындағы ынтымақтастық Меморандумдары 23 мыңға жуық жұмыскерлердің еңбек жағдайын қамтыды.
Еңбек ұжымдарында әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған үшжақты Меморандум жасау үшін жалпы облыстағы 49 ірі кәсіпорын іріктелген болатын, сонымен қатар бұл игі бастама аудандарда да жалғасын табуда.
Облыс әкімдігінде кәсіпорын басшыларымен өткен кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және табысын арттыру басты назардағы мәселе екендігіне тоқталды.
Жалпы өңірдегі еңбек ұжымдарында әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін әрбір жұмыс беруші қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайларын жасап, жалақыларын кезең-кезеңімен көбейту бойынша шаралар қабылдауы қажет екендігі атап өтілді.
Жиын барысында «СНПС- Ай Дан Мұнай», «ШалқияЦинк ЛТД», «Аэропорт «Қоркыт Ата», «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ, «Кольжан», «Клиника Интертич», «Кызылқұм», «РУ-6», «Хорасан-U (Хорасан-У)», «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы», «Фирма Балауса», «Шаған Жер», «Қазалы теміржол ауруханасы», «ALEXEY SULTAN AKHMET», «Zhanros Drilling», «СКЗ-U», «Сыр медиа» «Ұлы Қабырға» (Кызылорда)» Бұрғылау компаниясы ЖШС-тері, ШЖҚ «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорындарымен Меморандумдар жасалды. Осыған дейін әлеуметтік әріптестер мұнай және теміржол саласының ірі 7 кәсіпорынында Меморандум жасасқан болатын.