Ақтөбе облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы А. Әмірғалиев пен медиатор А. Жылгелді, Казхром ТҰК АҚ кәсіподақ бірлестігі ұйымының төрағасы Ә.Сотқаров Хромтаудағы кеншілермен кездесті. Ашық диалог түрінде өткен кездесуде кеншілер өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, пікір алысты. 7900-ден астам бастауыш кәсіподақ мүшесі еңбек ететін іргелі кәсіпорнында 27 құрылымдық бөлімше бар.
Кеншілер ауыр өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың зейнет жасын төмендету, әлеуметтік пакетке енетін кейбір кепілдіктер, ұжымдық шартқа өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
«Денсаулығына байланысты уақытша жарамсыздық парағына төленетін төлемақы, техникалық инспекторлардың жұмысын ынталандыру бағытында пікірлер де айтылды.
Кездесу барысында Ақтөбе облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев Еңбек кодесіне енгізілген өзгерістер мен ҚРКФ Стратегиялық бағдарламасын, еңбек адамының құқығы мен мүддесін одан әрі жақсартуға бағытталған оң бастамалар туралы, соның ішінде келісім комиссиясының маңызы, еңбек ұжымындағы жұмысшылардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шараларға кеңінен тоқталды.
«Комбинаттың әрбір жұмыскерінің еңбек мүддесі компанияның ұжымдық шартымен қорғалған. Биылғы жылы ұжымдық шартқа бірқатар өзгерістер енгізу жоспарымызды бар», – деп атап өтті кездесуге қатысқан Казхром ТҰК АҚ кәсіподақ бірлестік ұйымының төрағасы Ә. Сотқаров.
Кездесу барысында ұжымда еңбек дауларының алдын алу, оларды шешудің тиімді жолдары, татуластыру рәсімдері туралы кәсіби медиатор А.Жылгелді өз ойымен бөлісті. Еңбек ұжымдарында жұмыскер мен жұмыс беруші арасында келісім комиссиясының белсенді қызмет атқаратыны да атап өтілді.
Хромтаудағы Дөң кен байыту комбинатына кәсіподақ комитетінің төрағасы болып биыл жаңадан Елтай Утегулов сайланған. Ол еңбек жолын қазіргі «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы, бұрынғы «Центральная» шахтасында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Машинист, тау-кен шебері, бөлім бастығы, бас инженердің орынбасары болып, сосын 7 жыл еңбекті қорғау бөлімінде өндірістік қауіпсіздік жөніндегі маман болып жұмыс жасап, тәжірибе жинақтаған маман.
Жалпы, Дөн кен байыту комбинатында кәсіподақ жұмысы жақсы жолға қойылған. Ең бастысы қарпайым еңбек азаматтарының талап-тілегі кәсіподақ тарапынан ескерусіз қалмайды.