Театрға келген көрермен сахна шымылдығы сырғып ашылған соң назарын бірінші кезек актерларға салатыны белгілі. Иә, спектакльдің мазмұнына, актерлардың шеберлігіне мән бергенімізбен, декоратордың еңбегіне ой жүгірте бермейтініміз бар. Әдетте, театрда сахнаға қызмет ететін бірнеше жұмыс цехтары бар. Премьераның өтетін күні нақты белгіленген соң дайындық кезінде цехтардың жұмысы нағыз қан майданның өзіне айналады. Осы «майданның» алғы шебінде декорация цехының меңгерушісі Ордабек Мұсабеков жүреді. Сахнада тұратын ауыр станоктардан бастап, жылжымалы декорациялар түгелдей декоратордың фантазиясына бағынады.
Ордабек Мұсабеков 1968 жылы Шымқаланың іргесіндегі Қарабастау ауылында дүниеге келген. Әкесі Мамыр Мұсабеков Ұлы Отан соғысының ардагері.
«Еңбек ет. Тер төгіп жеген наннан артығы жоқ» деп отыратын әкемнің сабырмен айтатын әр сөзін тыңдап, қарапайым істің көзін табуды үйрендім, – дейді Ордабек Мұсабеков.
Кейіпкеріміздің ағаш ұсталығына құмар екенін алғаш байқаған да әкесі болыпты. Баласының зеректігі мен ісмерлігін байқаған Мамыр Мұсабеков оған экскаватор, машина сияқты ойыншықтарды ағаштан жасатып үйретеді. Есейе келе үйде тұтынатын тұрмыстық заттар жасауға көшеді. Ұсталыққа деген құмарлық Шымкенттегі кәсіптік-техникалық училищенің «ағаш ұстасы» бөліміне жетелеп әкеледі. Осы оқу орнын бітірген соң өнердегі еңбек жолы басталады.
Бірде Жұмат Шанин атындағы театрда тігінші болып істейтін әпкесін бір жұмыспен іздеп келген Ордабек Мұсабеков сахна жұмысшыларының декорация құрып жатқанының үстінен түседі. Бұл іске құмарта қарағаны соншалықты, декорациялардың сахнаға толығымен қойылып біткенін байқамай да қалыпты. Сол сәттен бастап кейіпкеріміздің театрға деген қызығушылығы оянады. Екі себеп, бір сылтаумен театрдағы әпкесіне келуін жиілетіп, сахна тұсында үнемі қарап тұратын жігітке театрдың бөлім меңгерушісі Батырбек Қабылбековтің көзі түседі. Ордабектің ағаш ұстасы екенін білген Батырбек Қабылбеков оны жұмысқа шақырады. Көктен тілегені жерден табылған Ордабек Мұсабеков ұсынысты қуана қабылдап, білек сыбана іске кірісіп кетеді.
Театрдан алған алғашқы сабағы – сахнаға қажетті бутафор-декорацияның қалыпты стандарттан ауытқып, «болуы мүмкін емес» дейтіндей заттардан көркем формадағы заттар жасалатыны, тіптен, тұрмыстағы қалыпты заттың сахнадағы үйлесімін қиыннан қиыстыруды талап ететіні болды.
– Сахнаға қойылатын дүниені жасап жатқанда әр декорацияның актерге жәрдемші екенін түсіндім. Премьера күндері әртістермен қоса «қолымыздан шыққан дүниеміз қалай ойналар екен?» деп біз де толғанамыз. Әртіске демеу болғанын, сахнаны құлпыртып жібергенін көргенде «қойылымға үлесімді қостым» деген қуаныш кеудені кернейді. Батекең жұмысқа тұрған кезімде: «Театр – ұжымдық жұмыс. Бірнеше цехтағы жұмысшылардың төккен тері бір ғана қойылымға жұмылады. Есесіне нәтижесі оң болып, көрерменнің ойынан шықса – жеңіс біздікі» деген еді. Кейін ол кісінің сөзінің туралығына көзім әбден жетті, – дейді Ордабек Мұсабеков.