Мұғалжар ауданында әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссия отырысы өтті.
Оған Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары М.Акимов пен Мұғалжар ауданының әкімі А.Шериязданов қатысты.
Комисия отырысында «Восток нефть» ЖШС жұмысшыларының талаптары қаралды. Отырыста Ұжымдық шартта көрсетілген әлеуметтік міндеттемелері мен еңбек қатынастарын реттеуге қатысты атқарылған жұмыстары туралы кәсіпорын директорының орынбасары Дай Юй мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Исатай Беккуловтың атқарған жұмыстары тыңдалды.
«Восток нефть» серіктестігіндегі әлеуметтік жағдайдың шиеленісуінің басты себебі – жалақының аздығы әрі уақытында төленбеуі, өндірісте жұмысшыларға дұрыс жағдайдың жасалмауы.
Отырыста жұмыс берушілерге ұжымдық шарт аясында әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту, жалақы бережағын болдырмау, жұмыс орындарын қысқартпау жайы, жұмысшылардың жалақысын дифференциальды негізде көтеру, жыл сайын инфляция деңгейінде индексация жасау тапсырылды.
Аудандық үшжақты комиссия отырысында жұмыс берушілерге жұмысшылардың еңбек құқығын сақтау, олардың талап-тілектерін заңнама аясында ескеріп, ұжымдық шарт арқылы әлеуметтік әріптестермен келіссөздер, диалог жүргізу арқылы шешу қажеттігі айтылды.
Талап бар жерде, тәртіп те болмақ. Келесі отырыста «Ұлы қабырға» ЖШС мәселелері қаралатын болады.