Еңбек адамы – кітапханашы Нұрайлым Сұлтанқұлова

Кітапхана дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда.

Мамандық таңдау – бұл өте маңызды іс. Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы бұл өзінің өте қызықты да, тартымдылығымен ерекшеленеді. Осы ретте бүгін біз мақаламызда қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашы Нұрайлым Қайратқызы Сұлтанқұлова туралы өрбітеміз.

Нұрайлым Қайратқызы 1986 жылы 20 желтоқсанда Тараз қаласында дүниеге келген. Отбасында екінші бала. 1994 жылы Тараз қаласындағы №47 орта мектебінің табалдырығын аттаған.

1996 жылы Төлеби ауданының Шахта-Тоғыс елді мекеніне көшіп келіп, №8 орта мектебін 2005 жылы бітірді.

2005 жылы М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түсіп, 2011 жылы бітірді. 2007 жылы тұрмысқа шығып, қазіргі таңда 3 қыз және 2 ұлдың аяулы анасы.

2015 жылдың қаңтар айынан бастап «Төлеби аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне» кітапханашы болып жұмысқа орналасты.

2021 жылдың наурыз айының 3 жұлдызынан бастап аудандық орталық кітапхана әдіскері болып ауыстырылды. Ұжым арасында сыйлы. Кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде кәсіподақ қозғалысын дамытуға сүбелі үлес қосып келуде. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады және үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Бүгінде Нұрайлым Қайратқызының кітапханаға кірген әрбір оқырманға білім шуағымен қатар, көңіл шуағын да шашып, жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, оқуға деген көзқарасын оятып олардың қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсетуде беделді қызметтер атқарып жатқанын зор ықыласпен айта аламыз. Өйткені ол өз ісінің шебері, әмбебап маман.

Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Осы орайда кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.