«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында еңбек қорғау айлығы өтті

Қызылордада «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында «Қауіпсіздік мәдениетін арттыру» ұранымен қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау айлығы өтті.

Қауіпсіздік айлығының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес оқыту-семинарлар, еңбекті қорғау мәселелері бойынша мұнай компанияларымен тәжірибе алмасу сағаттары, «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын талқылау жиналысы, «Еңбекті қорғау» тақырыбындағы фотокөрме ұйымдастырылды.

Ұйымда қауіпсіздік айлығы «Еңбек қауіпсіздігі бойынша Үздік бөлімше» және «Үздік техникалық инспектор» сайыстарымен қорытындыланды. Мұнай кенішінің вахталық қалашығында ұйымдастырылған сайысқа компанияның 6 бөлімшесінен сайыс топтары қатысып, 5 кезең бойынша біліктілік сынына түсті.

Таныстырылыммен басталған кезеңдерде сұрақ-жауап бөлімі, «Алғашқы көмек жаса!», «Байқаңыздар, белгілер!», «Авариялық жағдайларға дайындық бойынша үздіктер» атты бөлімдерде компания жұмыскерлері еңбек қауіпсіздігі саласындағы білімдері мен ұтқыр ойларын, шұғыл шара қабылдау қабілеттірін көрсетті. Арнайы мамандардан құралған сайыстың әділ қазылар алқасы әрбір кезең бойынша топ дайындықтарын бағалап, сайыс қорытындысын жариялады.

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева және компанияның кәсіподақ ұйымы төрағасы Бақыт Мұқашева жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі айлығында белсенділік танытқандары және еңбекті қорғауды насихаттаудағы ерекше үлестері үшін алғыс айтып, сыйлықтар табыстады. Компанияның 6 техникалық инспекторы «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің арнайы Алғыс Хаттарымен марапатталды.