«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Медиация – дауды шешудің ең жақсы тәсілі» тақырыбында сот өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелге «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, Татуластыру судьяларының үйлестірушісі, Түркістан облыстық сотының судьясы Аят Алшынбаев, Түркістан қалалық сотының судьясы Гаухар Торғаева, «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, Түркістан облысының және Шымкент қаласы бойынша медиация кеңесінің төрайымы Лаура Ақшегірова, медиатор Ардақ Мамаева, салалық кәсіподақ өкілдері мен аумақтық кәсіподақ бірлестігінің қызметкерлері қатысты.
Кездесуді Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бердіғали Өмірәлі ашып беріп, алғы сөзді Татуластыру судьяларының үйлестірушісі, Түркістан облыстық сотының судьясы Аят Алшынбаевқа ұсынды.
Аят Алшынбаев өз сөзінде медиация ұғымының не екенін, оның не үшін қажеттігін және медиация көмегіне қалай жүгінуге болатындығы туралы, медиацияның соттан айырмашылығы және азаматтардың қандай жағдайда жүгінуге болатындығы, сонымен қатар облыс аумағындағы медиация аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті.
Кезекті сөзді алған «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің кәсіби медиаторы Лаура Ақшегірова: «Медиацияның мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың даулаусушылық деңгейін төмендету», – деп айтып өтті. Осы орайда бүгінде кәсіподақтар орталығы жанында «Заң клиникасы» мен «Татуласу орталығы» құрылып, кәсіподақ мүшелеріне тегін құқықтық көмек көрсетіліп жатқандығын тілге тиек етіп, ондағы атқарылған жұмыстар бойынша мәлімет беріп өтті.
Сонымен қатар, ашық диалог форматында өткен жиында қатысушылар өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Кездесуді қорытындылаған бірлестік төрағасы Бердіғали Өмірәлі: «Біздің негізгі жұмысымыздың бір бағыты еңбек дауларын алдын алу, тиісті заңға сәйкес келіссөздер өткізу арқылы жұмысшылардың құқықтарын қорғау болып табылады. Ал осындай кездесулер біздің біліміміздің әрі қарай нығайтуына, түрлі тәсілдеріне көз жеткізуге мүмкіндік береді», – деді. Сондай-ақ, еңбеккерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытында жұмыла атсалысуға шақырып, қатысушыларға өз алғысын білдірді.