Ұйымдарда Ұжымдық шарттың болуы маңыздылығы өңірлерде орын алған еңбек шиеленістерін шешуде айқындала түсуде.
Ұжымдық шарт – ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін, жұмыскерлердің өкілдері арқылы жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасында жасалатын жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт.
Ұжымдық шарт жасасудың тиімділігін түсіндіру мақсатында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі алаңында облыста жұмыс жасап тұрған бірқатар ірі-орта кәсіпорын өкілдерімен жиналыс өтті. Жиналыста аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, облыстық бақылау жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Шәменов әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша әлеуметтік әріптестік шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар мен бірлескен шаралар туралы ақпаратпен бөлісті.
«Ұжымдық шарттарда жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдері арасында еңбек саласындағы өзара нақты міндеттемелер белгіленеді. Бұл кәсіпорындағы тараптар арасындағы ынтымақтастық кепілі, оның шарттары орындалуға міндетті, және бұл тиімді әріптестік. Және осы әріптестікте кәсіподақтар қызметінің ролі зор», – деп атап өтті кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев.
Облыстық бақылау жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Шәменов жиынға қатысып отырған жұмыс берушілерді осы кәсіпорындарда жұмыспен қамтылған 4 мыңнан аса жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуді ҚР заңнамаларына сәйкес әріптестік аясында ұжымдық шарт арқылы ұйымдастыруға шақырды.
Сонымен қатар, кәсіподақтар және аталған басқарма мамандары жұмыс берушілерге Ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу тәртібін, оның мазмұны мен құрылымын, қолданылу мерзімдері, аясы және тараптардың жауаптылығы туралы түсіндірмелер жасады. Жиынға қатысушылар өз тараптарынан сұрақтар қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.