«Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Жұмазия Есімованың есімі аймақтың ауыл еңбеккерлері арасында құрметпен аталады. Ұзақ жыл Атыраудың ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер болып абыройлы жұмыс жасаған Жұмазия Нұрмағамбетқызы 2007 жылы ветеринария ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын сәтті қорғаған. Өнегелі ұрпақ өсіріп, оларға саналы тәрбие берген және өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде белсенділігімен кейігі жастарға үлгі болып жүрген әріптес апамыз бүгін Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының шешімімен «Ардақты ана» алтын белгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, жастарды отансүйгіштікке, салауаттылыққа, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі белсенді қызметі үшін «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Шайхашева қазақтың тұңғыш әскери ұшқыш қызы, «Халық қаhарманы» Хиуаз Доспанова атындағы естелік медальмен марапатталды.
Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов марапат иелерін шын жүректен құттықтап, оларға зор денсаулық, мол бақыт пен шат-шадыман өмір тіледі. Шара барысында сөйлеген Жұмазия Нұрмағамбетқызы мен Гүлнар Сатуқызы өздеріне көрсетілген құрмет үшін ардагерлер кеңесіне ризашылықтарын білдірді.
Өз кезегінде награда иелерін Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігіндегі барша әріптестер де құттықтайды.