Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының сауықтыру мәселесін тиімді ұйымдастыруы нәтижесінде жыл сайын жүздеген кәсіподақ мүшесі шипажайда денсаулығын нығайтып, дем алу мүмкіндігіне ие. Сонымен бірге, аймақтық кәсіподақ “балам – жаным” деп жүрген білім саласы қызметкерлерінің бауыр етін де назардан тыс қалдырмай, бар жақсыны соларға бергісі-ақ келеді.
Жылдағы дәстүрді жалғаған аймақтық кәсіподақ пен оның филиалдары биыл жазғы сауықтырумен қамтылатын балалардың санын ұлғайтты.
Балалар жылына орайластырылған игі бастама шеңберінде Асем Айтжанованың ұйытқы болуымен балқаштық балғындар “ЖАС ҚАНАТ” лагеріне жөнелтілді. Он бес күн бойы пайдалы тағам тұтынып, аурулардың алдын алуға бағытталған ем-шараларды қабылдап, шығармашылығын шыңдап, білімін толықтырған ұл-қыздардың алғышқы легі бүгінде үйіне қайтып үлгерді. Баласына қуаныш сыйлаған кәсіподаққа алғыс арқалатқан ата-аналар жазғы лагерь көңілдерінен шыққан айтып, мәре-сәре!
Онысы – орынды да…
Шілденің ыстығында төрт қабырғаға тығылып, күн-түн ұялы телефон мен ғаламторды ермек еткеннің орнына ән айтып, би билеген, сурет салып, спортпен шұғылданған әлдеқайда пайдалы екенін әр ата-ана білсе керек.