Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің үйлестіру кеңесі отырысы өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Бірлестік төрағасының міндетін атқарушы Еділ Ұзақбай кеңес мүшелерімен өңірлік деңгейдегі әлеуметтік әріптестік, өңірлік және салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар ережелерінің орындалысы, кәсіпорын-мекемелердегі жазатайым оқиғаларының мониторингі, сондай-ақ, ұжымдық еңбек дауларының мониторингі және «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына қатысу жайын талқылап, алдағы міндеттерді саралады.
Еңбек адамы мен атқарушы биліктің арасын жалғап, дау-жанжал тудыратын мәселелерді шешуге, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі бірден-бір қоғамдық ұйым – кәсіподаққа жаңа мүшелер тарту арқылы рөлін көтеру қажет болып отыр. Мәселен, өңірдегі 216 мың жұмысшының небәрі 37 проценті ғана кәсіподаққа мүше екен. Демек, ірі өңдірістік кәсіпорындар мен шетелдік компанияларда жұмысшы-қызметкерлер арасында түсінік жұмыстарын ұйымдастырып, оларды мейлінше мүшелікке көптеп тарту қажет деген сөз.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында жұмысшы кәсіптері мен мамандықтарын танымал етуді жүзеге асыру, шетелдік жұмыс күшін тарту комиссиясында дефицит кадрлардың жетіспеушілігі, қоғамдық кеңес отырыстарында ұстаздар мен дәрігерлердің жетіспеушілігі айтылуда. Яғни, өңірге аса қажет мамандықтар бойынша жастарды оқуға шақыру, студенттерге, қайта даярлануға ниет білдірген жұмысшыларға жеткізуіміз қажет», – деді Еділ Ұзақбай.
Облыста өткен жылы барлығы 85 өндірістік жарақаттану фактісі тіркелді, төрт адам қайтыс болды. Ал биылғы жартыжылдығында 13 жазатайым оқиғадан 14 адам ауыр жарақат алып, үшеуі қайтыс болды. Соңғы екі жылда жазатайым оқиғалар кәсіподақ ұйымы бар мұнайгаз, теміржол, энергетика салаларында кеңінен орын алуы ойлантарлық жағдай.
Үйлестіру кеңесінде салалық кәсіподақтар жетекшілеріне еңбек ұжымдарымен кездесіп, жағдайды талқылау, еңбек қауіпсіздігі мәселесі бойынша дөңгелек үстелдер мен жиындар, кәсіподақ оқуларын өткізу, кәсіби конкурстар ұйымдастыру міндеттелді.