Шымкентте «Заң клиникасына» тұрғын үй мәселесі бойынша Р. есімді азаматша құқықтық кеңес алу үшін жүгінді. Қабылдау барысында кәсіби медиатор Салтанат Абдукаримова мәселенің мән-жайын анықтап, ұсынылған құжаттарының заңдылығын тексеріп, қабылдауға келген азаматшаға тегін құқықтық кеңес берді. Азаматшаға ҚР мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру шарттары жайлы толық түсіндіріліп, медиатор орын алған мәселенің оң шешілуіне ықпал жасады.
Бүгінде «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Заң клиникасында» кәсіподақ мүшелеріне еңбек, әлеуметтік және кәсіподақ заңнамасы мәселелері бойынша, сондай-ақ азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарының бұзылуына қатысты әкімшілік және қылмыстық заңнама бойынша тегін құқықтық көмек көрсетілуде.
Қабылдауда болған Р. есімді азаматша өз тарапынан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен іске қосылған жобаға алғысын білдіріп, «Заң клиникасының» мамандарына табыс тіледі.