Ұлттық құндылығымыз – салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды насихаттайтын «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің алғашқы аудандық бөлімі – Ырғыз ауданында ашылып отыр.
Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы, «Дәстүрге жол» жобасының Ақтөбе облыстық филилалының жетекшісі бастауымен бір топ ардақты аналардан құралған бірлестік мүшелері Ырғыз ауданына барып, аудандық бөлімнің ашылу салтанатында тұсауын кесті. Ырғыз аудандық мәдениет Үйінің өнерпаздары концерттік шара ұйымдастырып, дәстүрлі дүниетанымыздағы жоралғы-ғұрыптарды сахналады.
«Игі бастаманың жалғасын табуына облысымыз бойынша алғаш үн қатқан Ырғыз аудандық әкімдіктің қолдауымен екі күндік шара барысында асыл аналарымыз Ырғыз аудандық музейінде, Ырғыз-Тоғай мемлекеттік табиғи резерватында болып, ауданның тарихи-мәдени құнды жәдіргерлерімен танысты, тарихи тұлғалардың көзіндей асыл қазынасының тарихын тыңдады. Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде шағын сұхбат барысында ұлттық дәстүр мен салт-санамыздың астарлы ұғымы, мән-мағынасы хақында айтылды.
Сондай-ақ, Мәні аулы мәдениет Үйінің өткен жылы жөндеу жұмысынан шыққан 300 адамдық кең залында ауыл тұрғындарымен еркін сұхбат кеші өткізілді. Бүгінгі қоғамның түйткілді мәселесі – отбасы құндылықтары мен тәлім тәрбиесінің құлдырауы сөз болды. Болашақ ұрпақты тәрбиелеу құралы салт-дәстүрде жатқанын «Дәстүрге жол» жобасының мүшелері ашып айтты.