Сейсенбі, 16 тамызда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен Қазақстанның барлық аймақтарының аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағаларымен Республикалық үшжақты комиссияда қабылданған шешімдерді жүзеге асыру мәселелері бойынша жұмыстық кездесу өтті.
Облыстық кәсіподақ орталықтарының төрағалары еңбек дауларының алдын алу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау және кәсіподақ активін оқыту мәселелері бойынша өңірлердегі кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымдарының жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндады.
Кәсіподақ орталықтары басшыларының мәліметінше, кәсіподақтар жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарының сақталуына қатысты жағдайға күнделікті мониторинг жүргізеді.
Әріптестердің баяндамаларын тыңдаған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының мүше ұйымдары, оның ішінде аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, әлеуметтік әріптестік туралы өңірлік келісімдердің мазмұнын өткен жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Үкіметі, кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында қол қойылған Бас келісімге сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
«Кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестермен келісе отырып, бастамашылық еткен нормаларды барлық тараптар міндетті түрде орындауы тиіс. Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктеріне алдағы уақытта өңірлік келісімдердің мазмұны бойынша ұсыныстар әзірлеуді және келісімдердің қолданыстағы нормаларының тиімді орындалуын бақылауды тапсырамын. Еңбеккерлердің әл-ауқатын жақсарту әлеуметтік әріптестік жөніндегі өңірлік келісімдердің сапалы мазмұнына байланысты», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы сонымен қатар еңбек дауларының тәуекел картасында бар барлық кәсіпорындарда кәсіподақ жетекшілері мен кәсіпорындар әкімшілігі арасында еңбек консультацияларын ұйымдастыруды және өткізуді тапсырды.
«Кәсіподақтың «Еңбек консультациялары» акциясы еңбек дауларының тәуекел картасына енген барлық кәсіпорындарды қамтуы тиіс. Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері осындай келіссөздер үдерісін ұйымдастыруға атсалысып, әрбір жеке кәсіпорында әлеуметтік әріптестік тараптарына құқықтық және консультативтік көмек көрсетуі қажет», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, кәсіпорын еңбеккерлеріне жалақы бойынша берешекті өтеу, ұжымдық шарттарды орындау бойынша тараптардың міндеттемелерін орындау, жұмыскерлерге олардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын түсіндіру жұмыстарын жүргізу сынды мәселелерді ерекше бақылауда ұстау және тұрақты негізде жүзеге асыру керектігін еске салды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы