Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиын басында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов елордадағы әртүрлі құрылыс компанияларында жалдамалы болып жұмыс істейтін тас қалаушылардың мәселесін көтерді.
Айта кетерлігі, осы аптада өз талаптарын білдірген тас қалаушылардың белсенділері Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығына жүгінген еді. Тас қалаушылар құрылыстың шаршы метріне төленетін қаржыны өсіру, жалақыны көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту және келісім-шарттық қатынастарды ресімдеуді талап етіп отыр. Т.Күнәділов осы мәселені әлеуметтік әріптестік шеңберінде жан-жақты талқылауды ұсынды. Ұсыныс қолдау тауып, хаттамаға енгізілді.
Одан әрі күн тәртібіне сәйкес елорда кәсіпорындарындағы өндірістік жарақаттанушылық және әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша берешегі бар кәсіпорындардың мәселесі қаралды.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Е.Исмағұловтың айтуынша, жыл басынан бері жазатайым оқиғалардың нәтижесінде 32 жұмысшы зардап шеккен, соның ішінде 9 адам қаза тауып, 23 адам ауыр жарақат алған.
«Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі құрылыс нысандарында болып отыр. 9 қайғылы оқиғаның 6-ы құрылыс алаңдарының аумағында орын алды, бұл шамамен 70% құрайды. Құрылыстағы өндірістік жарақаттанудың негізгі себебі – құрылыс алаңдарының аумағында жұмыс өндірісінің жоғары қарқыны және соның салдарынан кәсіби тәуекелдердің алдын алу жүйесінің болмауы»,- деп атап өтті Е.Исмағұлов.
Ағымдағы кезеңде елордадағы 9 кәсіпорынның жалпы сомасы 6 128 129 млн. теңгені құрайтын әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі бар.
«Әлеуметтік аударымдар жүйесіне қатысушылардың төмендеуінің негізгі себептері: қызметкерлер штатының қысқаруы, қаржылық қиындықтар, уақтылы қаржыландырмау болып табылады», дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының басшысы Дина Баегизова.