Әлеуметтік әріптестік жылына орай Ақтөбе орман шаруашылығы мекемесіне қарасты тәлімбақ жұмысшыларымен кездесу өтті.
Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Мұхтар Әкімов, « Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Салалық кәсіподағы» Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев тәлімбақтың жай-күйімен танысты.
«Ақтөбе орман шаруашылығы» КММ-сі «Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қарамағына кіреді.
Орман мекемесі-үш орманшылықтан тұрады. Мекемеде 113 адам жұмыс жасайды.Оның түгелге дерлігі бастауыш кәсіподақ ұйымына мүше.Бастауыш ұйым «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Салалық кәсіподағы» Ақтөбе облыстық филиалының құрамында. Кәсіподақ ұйымының жұмысы мекеме директоры Марат Құспановпен 2020-2023 жылдарға арналған ұжымдық келісім мен әлеуметтік әріптестік негізінде жүзеге асырылады.
Тәлімбақта орман алқабын көбейту шаралары да басты назарда. Қазіргі таңда 12 гектар алқапта жиде, қарақат, шегіршін, емен,үйенкі т.б. әртүрлі ағаштардың жас өскіндері егіліп,күтіп бапталуда.
Тәлімбақ жетекшісі Айсұлтан Аманжолов еңбек жолын қарапайым орманшы болып бастап,қазірде жоғары білім алып, орман шаруашылығының қыр-сырын игеруде.
“Қылқан жапырақты шырша т.б басқа жақтардан әкеліп, өзіміздің табиғатымызға бейімдеп, тамшылатып суғару әдісімен көшеттер санын көбейту мақсатында еңбек етудеміз. Жыл сайын мектептің жоғарғы сынып оқушылары мен колледж студенттері «Жасыл ел» бағдарламасы аясында тәлімбақта еңбек етеді. Биыл 67 студент еңбек етіп жүр.Біз елді мекендерді көгалдандыру ,қалалардың жасыл аймақтарын сақтауға өз үлесімізді қосамыз”, – дейді тәлімбақ жетекшісі Айсұлтан Аманжолов.
Қазіргі кезде Ақтөбе облысында орман шаруашылығы қорын кеңейту, қала маңында жасыл белдеу қалыптастыру,ағаштарды қору, екпелерді күтіп-баптау жұмыстары жүруде.
Кәсіподақ жетекшілері тәлімбақ жұмысшыларымен кездесіп,өз тарапынан еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін қорғауға барына үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.