Еңбеккер бейнесінде – Алимбетов Марат Нұрханұлы

Адам баласы үшін қажымас қайратпен адал еңбек ету үлкен абырой. Адал еңбек жолы – өмірдің байлығы. Бұл жалғанда жеңіл жолды таңдаған адам баласы бейнеттен қашамын деп беделін кетіреді. Ал, адал еңбек етіп, бар жігер-күшін ерінбей еңбекке арнаса, зейнетін көреді. Өмір жолында еңбек етіп, қиындықпен күресе білетін абзал жандар өзінің өмірлік жолын адаспай табатыны ақиқат. Еңбектен бақытын тапқан осындай жандардың бірі Кентау орталық қалалық ауруханасының Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздік инженері Алимбетов Марат Нұрханұлы.

Марат Нурханұлы 1985 жылдың 23 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Қаратау совхозында дүниеге келді. Отбасылы. 3 қыз 1 ұлы бар. Білімі жоғары. Өз ісін жетік меңгерген, медициналық озық технология жаңалықтарын тәжірибесінде тиімді қолдана білетін, әрбір маманның медициналық құрылғылармен қауіпсіз жұмыс жасай отырып сапалы медициналық көмек көрсетулеріне жағдай жасайтын, үнемі ізденіс үстіндегі жаңашыл, білікті маман. Өз ісіне жауапты, адамдармен оңай тіл табыса білетін, ұжым арасында сыйлы, қызметкерлердің құрметіне бөленген жан.

Марат Нурханұлы бүкіл әлемді жаулаған пандемияның кезінде жанын салып, халқымыздың амандығы үшін аянбай еңбек етті. COVID-19 індеті өршіген кезде ауруханаға келіп түскен оттек қажет ететін науқастарға оттекпен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тауып қуаттылығы тәулігіне 240 балон құйятын оттек станциясын алдырып, бүгінгі таңға дейін Кентау қаласы мен қарасты аудандарға оттек балондары аурухана базасында өндірілуде. Осы ретте еселі еңбегі елеусіз қалмай 2021 жылы Кентау қаласының әкімдігінен «Коронавирус індетімен күресі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар Марат Алимбетов бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде кәсіподақ қозғалысын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Осы орайда «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қатбаев Сакен Арыстанұлымен бірлесе отырып, медицина саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларын арттыру, денсаулықтарын нығайту, еңбек жағдайларын жақсарту, қауіпсіз еңбек ортасын құру және тағыда сол сияқты қоғамда жүрген өзекті мәселелерді оңтайлы шешіп, жұмыскерлердің мүддесін қорғау бағытында көптеген жұмыстар атқаруда.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялауының маңыздылығын қолдап, «DENSAULYQ» қоғамдық бірлестігі және Кентау орталық қалалық ауруханасының кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының материалдық қолдауға мұқтаж отбасыларының тізімі жасаланып, бірінші сыныпқа баратын 4 баланың тізімі және бастауыш сынып оқушыларға оқуға қажетті жабдықтар мен оларды алу мақсатында қаржылай көмек көрсетілді. Алдағы уақытта бұл акцияны жылда тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Қажырлы еңбектің арқасында Марат Нурханұлы әр жылы қала, аудан, облыс әкімдігі мен салалық кәсіподақтың, денсаулық басқармасының марапаттарын иеленген.