Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы емделушінің дертінен айығуына себепкер жанның бірі – медбике. Әрине, халықпен жұмыс істеу қызық әрі қиын. Оған жүктелетін жауапкершілік те көп. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмысты абыроймен алып жүргендердің бірі « Асықата» Жетісай аудандық ауруханасының операциялық блок аға мейірбикесі – Шолпан Абильдаева.
Жұмыс барысында өзін жоғары білікті маман ретінде таныта білген Шолпан Махамбетханқызы әріптестері арасында абыройлы, өз жұмысына аса жауапкершілікпен және іскерлікпен қарайды. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. Өзіне және қол астындағы қызметкерлерге қатаң талап қоя біледі. Жоғары санатты мейірбике. Кәсіподақ мүшесі.
Бүгінде, Шолпан Махамбетханқызының еңбек өтіліміне 30 жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт ішінде медицина саласында аянбай ел үшін еңбек етіп, аудан халқының денсаулығын арттыруға сүбелі үлес қосып, әрдайым халықтың алғыс-сауабына бөленіп жүрген жандардың бірі десек артық айтқандық емес.
Ақ халатты жандардың сенімді серігіне айналған медбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкер¬шілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен медбикенің ұқыптылығына байланыс¬ты. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен кейіпкеріміз алдына келген науқастан көмегін аяған емес.
«Мейірбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін де басты міндеті – мейірім көрсету. Біз емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін кәсіби психологиялық және рухани қасиетімізді іске қосамыз. Ауырып келген адамдарды шын көңілмен, мейірімді жүрекпен қарсы аламыз. Оларға денсаулық жағдайы туралы үнемі кеңес беріп отырамыз. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе, бойына жаңа күш қосылады. Осындай зор шабытпен жасап жүрген қызметім мені биікке жеткізіп отыр» – дейді кейіпкеріміз.