Еңбек адамы – Мырзатаева Шолпан Бахадырқызы

«Еңбек – адамның көркі, адам – заманының көркі» дегендей, алтын уақыттарын денсаулық сақтау саласына арнап, адам жанының арашашысы болып жемісті еңбек етіп, халықтың жылы ықыласы мен алғысына бөленіп, заманының көркі болып жүрген медицина қызметкерлері өте көп арамызда.

Жалпы, мейірбике қызметі – өте күрделі, жауапкершілігі мол мамандық. Сондықтан, бұл қызметте рухы жоғары, шыдамды, қайырымды, кез келген уақытта көмек беруге әзір тұратын жандар ғана істей алады. Дәл сондай жанның бірі, облыстық психикалық денсаулық орталығының ем-дәм бике қызметкері Мырзатаева Шолпан Бахадырқызы.

Шолпан Бахадырқызы – 1974 жылдың 11 қарашасында Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген.

Білімді, тәжірибелі және білікті, жауапкершілігі мол, өзіне талап қоя білетін, тіл табысқыш, еңбек сүйгіш. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзін көрсете біледі. 1992 жылдан бастап осы саладағы жалпы еңбек өтілі 30 жыл. Бүгінде бастауыш кәсіподақ ұйымның төрайымы.

Ол өзінің жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын, ұжымда абыройлы маман. Үлкенге құрмет, кішіге ізет және қамқор көрсете білетін, өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіру үшін жалықпай ізденіп оқитын, өзінің теориялық және практикалық білімдерін үздіксіз арттырып отыратын маман ретінде өзін көрсетті.

Осылайша, жемісті еңбегі еленіп, 2013 жылы Дінмұхаммед Қонаев мешітінің «Аманат» медалімен, Төлеби ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек Шолпан Бахадырқызы әр жылы денсаулық сақтау басқармасының, салалық кәсіподақтың марапаттарын иеленген. Бұл да болса, өз ісінің шеберіне көрсетілген құрметтің көрінісі болар.

Шолпан Мырзатаева бүгінде отбасының берекесін ұйытып, екі қыз, бір ұлын өсіріп отырған ардақты жан, аяулы ана. Білікті, жан-жақты адам қашан да айналасындағылардың тілін тауып, жылы шырай танытады, қолынан келген көмегін аянып қалмайды.