Қызылордада «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында 2022-2025 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды.
Компания жұмыскерлері үшін маңызды құжатты жұмыс беруші тарапынан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасы Чжао Сяомин және жұмыскерлердің мүдделерін білдірген «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақыт Мұқашева қол қойып бекітті.
Жаңа Ұжымдық шартқа қол қою рәсіміне Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, компания басшылары, кәсіподақ белсенділері, компания жұмыскерлері қатысты.
Рәсім барысындағы алғысөздерде тараптар еңбек ұжымының өміріндегі маңызды оқиға саналатын жаңа ұжымдық шарттың қабылдануы алдында шарт жобасы цехтарда, бөлімдерде кеңінен талқыланғандығын, жүргізілген келіссөздердің оңайға соқпағанын мойындады. Дегенмен, тараптар арасындағы сындарлы диалог нәтижесінде шартта барлық негізгі мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілген. Ұжымдық шарттың жаңа редакциясында еңбек ету үшін лайықты және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік саладағы негізгі ұстанымдар сақталып, жақсартылған.
Мұнайшыларды аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев құттықтап, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясымен белгіленген Әлеуметтік әріптестік жылымен тұспа-тұс келген компаниядағы шараның маңыздылығын атап өтті. Бірлестік төрағасы жаңа ұжымдық шарттың жұмыскерлердің бойына ертеңгі күнге деген зор сенім ұялатындығын айта келе, компаниядағы әлеуметтік әріптестіктің жүйелі жұмыс нәтижесіне тараптарға ризашылығын білдірді.
омпанияның басқарма төрағасы Чжао Сяомин еңбек ұжымын жаңа шартқа қол қойылуымен шын жүректен құттықтап, оны әзірлеуге қатысқандарға алғыс айтты.
Жаңа ұжымдық шартқа қол қоюдың маңыздылығы мен уақытылығын компанияның кәсіподақ көшбасшысы Бақыт Мұқашева өз сөзінде: «Бірлескен ауқымды жұмыс атқарылды. Жаңа ұжымдық шарт барынша жақсы әрі терең пысықталып, айтарлықтай салмақты болып шықты. Екіжақты комиссияға сындарлы және нәтижелі жұмыс жасағаны үшін алғыс айтқым келеді. Баршаңызды жаңа ұжымдық шарттың бекітілуімен құттықтаймын», – деп жеткізді.