Еңбек адамы – Тұрлыбеков Мақытбек Әділұлы

Тұрлыбеков Мақытбек Әділұлы – 3 маусым 1958 жылы Алматы облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылында дүниеге келген. 1976-1981 жылдары Алматы қаласындағы Шетел тілдер институтының неміс тілі факультетінде оқыған. Еңбек жолын 1981 жылы Абай атындағы орта мектепте неміс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1986-1991 жылдары аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1991-2007 ж.ж. мектеп директоры қызметінде жемісті еңбек етті. 2007-2014 жылдар аралығында Панфилов ауданы Үшарал орта мектебінің директоры, 2014 жылы қазан айында білім және ғылым қызметкерлері Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне сайланды.

Мақытбек Әділұлы саналы өмірін бала тәрбиесіне арнаған білікті ұстаз, шебер ұйымдастырушы, үнемі ізденіс үстінде жүретін басшы. Оқытудың жаңа әдістерін жете игеріп, әр баланың қабілетіне қарай шығармашылыққа баулу мәселесімен айналысты. Өзі қызмет жасаған орта мектептердің оқушылары бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек етіп жүр.

Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде білім саласындағы қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде аянбай еңбектеніп келеді, қандай мәселелер болса да шешімін табуға мүдделі адамдарды ұйымдастыра біледі.

Мақытбек Әділұлы сала қызметкерлерін кәсіподаққа тарту, ауданда кәсіподақ қозғалысының дамып, ұйым жұмысының тиімділігін арттыру бағытында нәтижелі еңбек етуде. Бүгінгі күні Панфилов аудандық филиалының құрамында 5500 мүше тіркелген.

Білім жүйесіндегі көпжылғы адал еңбегі, өскелең ұрпаққа берген сапалы білім берудегі шығармашылық жетістіктері үшін 1997 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», 2018 жылы «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» (2019 ж.) және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен (2019 ж.), Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасымен (2021 ж.) марапатталған.

Мақытбек Әділұлы қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене атсалысып, облыс, аудан көлемінде өткен қоғамдық, мәдени іс-шараларға белсене қатысады. 1999 жылдан «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Панфилов аудандық мәслихатының VI шақырылымының депутаты болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Панфилов ауданының құрметті азаматы атағының иегері (2019 ж.).

Білімін үнемі шыңдап, жан-жақты ізденіп жүретін білікті басшы. Отбасылы, үш бала тәрбиелеп өсірген үлгілі әке. Аудан тұрғындары, әріптестері арасында сыйлы, мінезі ұстамды.