Елімді қуантар елеулі өзгерістер

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев: “Бүгін біз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауын зейін қойып тыңдадық. Президент өз Жолдауында ертеңгі күнге деген сенімді еселей түсетін елеулі өзгерістерге тоқталды. Бұл жолғы Жолдаудың алдыңғы жолдаудан өзгешілігі, Жаңа Қазақстан құру жолындағы жаңарған Ата заңымыздың аясында болып отыр.

Көпшіліктің ойында, халық көкейінде жүрген көп мәселелер осы жолдауда өз шешімдерін тауып отыр. Мен ең маңызды аспектілерді атап өткім келеді, бірақ әр бағыт өзінің өмірлік рөлін атқарады. Мәселен, кезектен тыс Қазақстан Республикасының Президентін сайлау өткізу, Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеу, сонымен қатар, қайта сайлануға да шек қою. Бұл өте орынды шешім деп ойлаймын. Себебі, кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін осы уақыт мерзімінде толығымен іске асыру мүмкіндігі бар. Қайта-қайта сайланып супер жүйе бола алмайды. Мұның барлығы игі бастаманың басы екеніне сенімдімін!

Тағы бір ерекше тоқталғым кеп отырған жайт, бүкіл қазақ халқын қуанышқа жетелей жөнелген жаңалық – биыл «Балалар жылының» аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаның алдағы уақытта жүзеге асырылуы. Қолданысқа енгізгелі отырған жаңа бағдарлама аясында Қазақстан азаматы алдағы уақытта туылғаннан бастап кәмелеттік -18 жасқа толғанға дейін мемлекеттен, яғни ұлттық қордан өз тиесілі үлесін алып отыратын болады. Қордан балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылған қаржыны тек кәмелет жасына толғаннан кейін ғана иелене алады. Яғни, жастар бұл қаржыны баспана немесе білім алуына жұмсауға болады. Осылайша, ел Президенті халқымыздың жарқын болашаққа деген сенімін арттыра түсті.

Жолдауда айтылған бастамалардың ішінде айрықша тоқталып өткім келгені, Президент халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы – еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру бағытындағы өзгерістер жайлы айтып өтті. Мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізбек. Осы мәселені Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының көптен бері көтеріп келе жатқаны баршаңызға мәлім. Мақсат – ең төменгі айлық мөлшерін, орташа айлық мөлшерінің елу пайызына дейін кезең-кезеңімен жеткізу еді. Міне, былтырдан бері 42 500 тенгеден 60 000 теңгеге көтеріп, енді 70 000 теңгеге дейін өсіп отыр. Бұйыртса 120 000 теңгенің күні алыс емес шығар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының тынбай көтеріп жүрген басқа мәселердің бірі жылдық инфляция мөлшеріндегі міндетті индиксация, оны да асыға күтудеміз, бұйыртса алдағы уақытта ол да болып қалар. Сонымен қатар, кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітіледі. Бұл да қуантарлық жаңалық.

Сенімді қадамдар жасай білетін көшбасшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауында айтылған сот жүйесін неше рет реформаландырды, бірақ әлі де сотқа жүгінушілер тарапынан сот жүйесіндегі кемшіліктерге наразылықтар аз емес. Сот саласының майталмандарының пікірінше, сот билігінің басым бөлігін жергілікті соттарға беру керек. Себебі, сотқа жүгінген күннен соттың барлық сатысын өту үшін жылдар керек, елдер ауылдан Жоғарғы сотқа дейін жолды әрлі-берлі шапқылап тоздырып жатады. Бұл саладағы атқарылар жұмыстар да аз емес екен.

Пікірімді қысқа қайыратын болсам, бүгінгі ел басшысының Жолдауынан өз басым жақсы әсер алдым.

Болашаққа сеніммен қарауға жол ашып отыр. Көпұлтты Қазақстанымыздың алдағы уақытта атқарар мақсат-міндеттерін айшықтап берген көшбасшымыздың ел алдындағы Жолдауында айтқан ұсынымдары мен ұстанымдары мемлекет басшысының халық алдындағы беделін одан ары арттыра түсті. Алдыңғы жолдаулар секілді бүгінгі жолдаумыз да Ұлттық рухымызды күшейтті. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Қазақстанымыз әділ, бай-қуатты ел болып, экономикасы дамып, әр Қазақстандық бақытты да дәулетті өмір сүре берсін. Жаңа Қазақстан жасасын!”