Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының төрайымы А.Есекенова: “Бүгінгі ел Президентінің Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында, қарапайым еңбек адамының, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметкерлер мен білім-ғылым саласында еңбек етіп жүрген ғалымдардың, депутаттар мен министрлердің, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әрқайсының міндетін, қызметіндегі өзгерістер мен жаңалықтарды санамалап айтып өтті.
Атап өтетін болсам, азаматтардың базалық капиталы болып табылатын жалақыны инфляция өсіміне байланысты арттыру, ең аз жалақы мөлшерін 60000 теңгеден 70000 мың теңгеге дейін өсіру сынды халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруының алғышарты болып табылатын бағыттарды айқындап берді. Елдегі жалпы инфляцияға байланысты халық тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасының көтерілуі халықтың басты мәселесі болып табылады.
Осыған байланысты, Батыс Қазақстан облысындағы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы мен «TRUST» мердігер компанияларының бірлескен күш-жігерімен 2022 жылдың тамызынан бастап компания қызметкерлерінің жалақысы 7,5%-ға индекстелді. Жыл басынан бері аталмыш компания қызметкерлері жалақысы 15%-ға индекстелді.
Сонымен қатар, ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында біздің негізгі міндетіміз – қарапайым еңбек адамына құрмет білдіріп, олардың әлеуметтік жағдайын нығайтуға атсалысу екендігіне басты назар аударды.
Біз бұл мақсат-міндеттерге ел Президентінің саясатының сабақтастығын қамтамасыз ете отырып және жүйелі реформалар жүргізе отырып қол жеткізе аламыз деп сенемін”.