Қызылорда облыстық келісімге толықтырулар енгізілді

Қызылордада облыс әкімдігі, кәсіподақтар орталығы және жұмыс берушілердің бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған облыстық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Еңбек қатынастарындағы маңызды құжат толықтыруларын Әлеуметтік әріптестерге Облыстық үш жақты комиссия отырысы барысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев талдады.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен бұған дейінгі қолданыстағы Облыстық келісімге әлеуметтік әріптестікті дамыту, әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды болғызбау және еңбекке ақы төлеу мәселелері мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша толықтырулар енгізу ұсынылған болатын. Өңірлік Келісімнің өзгерістерінде қабылданған еңбек қатынастарын әріптестікте реттеудің нақты шаралары енгізілді. Атап айтқанда, жұмыс берушілер қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты ақпаратты жұмыстан босату басталғанға дейін кемінде екі ай бұрын әлеуметтік әріптестер назарына жеткізу, қызметкерлердің қысқартылуына жол бермеу мақсатында уақытша жұмыс орындарын құру, сондай-ақ қызметкерлерді қайта оқыту бойынша шаралар қабылдайтындығы туралы, жұмыскерлердің табыс деңгейін арттыру мақсатында жыл сайын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы айқындаған инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде жалақыны индекстеуді қарастыруы туралы талаптар қамтылды.

Сонымен қатар, кәсіпорын кәсіподақтармен бірлесіп тоқсанына бір рет өндірістік объектілердегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды тексеруі және жанжалды жағдайды қалыптастырудың алғышарттарын жою бойынша шаралар қабылдайтындығы туралы талаптар Келісімнің талаптарына енгізілді.