Кәсіподақ өкілдері Президент бастамаларын жүзеге асыруға атсалысады

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева: “Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын ашып, халыққа Жолдауын жариялады. Бұл жолғы Жолдаудың ерекшелігі мен маңызы жоғары, өйткені онда жалпы қоғамға қатысты қажетті шешімдер жарияланды.

Президент жүктеген міндеттер мен нақты тапсырмалар бәсекеге қабілетті қоғам құру арқылы – әділетті жаңа мемлекет құруға ұмтылуға саяды.

Білім саласына қатысты Жолдауда айтылған ауқымды мәселелер:

– мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиешілерінің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту, олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайту, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау ;

– жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өткізіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсау, осылайша үш ауысымды мектеп мәселесін шешу;

– жеке білім беру ваучерлерін енгізу;

– мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы және т.б. ұлттық білім сапасын көтеріп, білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған нық қадамдар.

Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер қажеттігін келтіре отырып, Президент Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданатынын, сондай-ақ ұстаздардың құзырет аясы айқындалатынын атап өтті. Осылайша Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екенін тілге тиек етті.

Президент пәрменімен биылғы жыл «Балалар жылы» деп жарияланып, атаулы жыл жалаң ұран мен мерекелік шаралармен ғана шектелмей, бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керектігі ескертілген еді.

Бүгінгі Жолдауда көтерілген бала күтіміне байланысты декреттік төлем мерзімін ұзарту, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық табысының тең жартысын 18-ге толмаған қазақстандықтардың жеке шоттарына аудару, білім алу үшін жеңілдетілген несие беру және т.б. бастамалары балалар жылында істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін тағы бір дәлелдегендей.

Мемлекет басшысының назарынан зейнетақы жүйесін қайта қарастыру мәселесі де тыс қалған жоқ.

«Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшерлемесін 120%-ға дейін дәйекті түрде жеткізу керек. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдер үшін зейнеткерлік жас деңгейі 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгіленетінін айтты.

Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыруға негізделген Президент бастамалары қоғам тарапынан қолдау тауып, игі өзгерістер жаңа Қазақстанды құрудың сәтті қадамы болғай.

Жолдау жүктеген нақты міндеттерді іске асыруға үлес қосып, Жаңа Қазақстанды құру жолында ұлт болып ұйысу әрбірімізге жауапкершілік жүгін арқалатады. Қоғамның ажырамас бөлігі болып табылатын кәсіподақ өкілдері Президент бастамаларын жүзеге асыруға атсалысады”.