Қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымы (төрайымы-Алмагүл Рақышева) «Мектепке жол!» республикалық акциясына белсенді қатысты.
Акция оқуға дайындық кезеңінде кәсіподақ мүшелерінің отбасыларын қолдау мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Биыл облыстық білім және ғылым кәсіподақ ұйымының өкілдері кәсіподақ мүшелерінің 800-ден астам балаларына қажетті кеңсе керек-жарақтары мен қаржылай сертификаттарын табыс етті.
Балалар мен ата-аналар оқуға жақсы көңіл-күймен дайындала отырып, кәсіподаққа алғыстарын білдірді.
Балалар жылында «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатқан республикалық акцияға Жезқазған аймақтық кәсіподағы мен оның филиалдары да үн қосты.
Кәсіподақ мүшелерінің ауыртпалығын бірге көтеруді парыз санайтын Жезқазған аймақтық кәсіподағы көп балалы, аз қамтамасыз етілген, асыраушысынан айрылған, жалғызбасты ата-ана санатындағы 294 отбасыға балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қаржылай көмек көрсетті.
Атап айтар болсақ, Марат Қоңырбаев төрағалық ететін аймақтық кәсіподақ 41 балаға демеушілік жасаса, Қаражал қалалық кәсіподақ ұйымы 51 шәкірттің, Сәтбаев қалалық кәсіподақ ұйымы 31 оқушының, Жезқазған қалалық кәсіподақ ұйымы 45 өреннің, Балқаш қалалық кәсіподақ ұйымы 30 баланың, Ұлытау мен Ақтоғай ауданының кәсіподақ көшбасшылары 20 балдырғанның, Шет аудандық кәсіподақ ұйымы 30 жасөспірімнің, Жаңаарқа ауданының кәсіподақ ұйымы 46 балғынның киім-кешегі мен оқу-құралдарын түгендеуге жәрдемдесті. Одан бөлек Жезқазған қалалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Ляззат Кунедилова белсенділерімен кеңесе отырып қиын жағдайда қалған Тоғызыншы Мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне оқу-құралдары толы мектеп дорбасын сыйлады.
Кәсіподақтың қолдауын сезініп, бергенін аз да болса көптей көрген кәсіподақ мүшелері жер-жердегі кәсіподақ ұйымдарына ризашылықтарын білдіруді де ұмытпады. Біз үшін кәсіподақ мүшелерінің алғысынан артық абырой жоқ.
Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген тәмсіл бар.