Кәсіподақ кадрларының құқықтық біліктілігін арттыру семинары өтті

Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы және Фридрих Эберт қорының бастамасымен «Еңбек заңнамасы қолдану» тақырыбында екі күндік оқыту семинары өтті.

Аталған семинарға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің атынан бас маман Ермек Қаңлыбаев қатысты.

Жиында сөз алған Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілі Шутова Зәуреш Есдәулетқызы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева семинарды ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, семинар бағдарламасына шолу жасап, қысқаша таныстырып өтті.

Медиатор Гульмайдан Урозбаеваның медиативтік тәсілдерді қолдануға қатысты теорияға және тәжірибеге негізделген дәрісі тыңдаушыларға ерекше әсер қалдырды.

Сонымен қатар, арнайы шақыртылған медиатор Инесса Куанова Еңбек кодексіндегі заң нормативтерін дұрыс қолдану, Келісім комиссиясының ережесі мен комиссияның еңбек дауларын шешу тәртіптері туралы айтты.

Семинардың екінші күнінде ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталиннің қатысуы шараның мәні мен мазмұнын айқындай түсті.

Сатыбалды Телағысұлы тыңдаушылармен пікірлесе отырып, дәріс берушілерге тиісті сұрақтар қою арқылы жалпы Заң клиникасының заңгерлерінің жұмысының маңыздылығына, қойылатын талаптарына тоқталып өтті. Төрағаның ой-пікірі тыңдаушылардың тарапынан қолдау тапқаны сөзсіз.

Іс-шараның соңында қатысушылар Фридрих Эберт қорының арнайы сертификаттарымен және Қазақстан Республикасы Конституциясының мерекесіне орай, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының алғыс хатымен марапатталды.