Жер астында жұмыс істейтін кеншілердің жұмысы қауіпті мамандықтар арасында қаупі жағынан екінші орында тұр. Осындай қауіпті салада еңбек етіп жүргендердің бірі — Айтимовтер отбасы.
ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатының электровоз машинисі Избан Айтимов кәсіпорында 24 жылдан бері жұмыс істейді. Ізінен ерген қос ұлы да техниканың тілін жетік меңгеріп, электровоз тізгіндеп жүр.
Избан Айтимовтің комбинаттағы еңбек жолы 1998 жылы теміржол цехында басталды. Төрт жылдан кейін ол шахтаға ауысқан. Алғашында жолшы, артынан сегіз жыл бригадир болды. Қазір ол — электровоз машинисі. Кейін Избан Айтимовтің жанына екі ұлы қосылды. Олар да шахта электровозын жүргізеді. Ағайындылар Хромтау тау-кен техникалық колледжін тәмамдаған.
Электровоздар кенді 2,5-3 шақырым жүріп, төңкергішке тасиды. Бір сапарында 60 тоннаға жуық кенді 8 вагонмен жеткізеді. Электровоз машинисіне ең керегі — қырағылық. Ұйқысы қанық, көңілі орнында болуы керек. Артық қимыл — өміріне қауіп.
— Өзімнің шахтада жүргеніме 24 жыл болды. Балаларым менімен бірге 18 жыл бойы жұмыс жасап келеді. Олар жұмысымды көріп, қызығушылық танытты. Оқуға да өздері ұмтылды, — дейді Избан Айтимов.
Ол Хромтау ауданы Құдықсай ауылында туып-өскен. Темір ауданындағы ауылшаруашылық колледжін есепші мамандығы бойынша бітірген.
Құдықсай ауылында он жыл есепші болды. Қайта құру жылдары Хромтауға көшіп, Дөң тау-кен байыту комбинатына жолы түскен. Бүгінде ұлдары Нұрлан Айтимов пен Руслан Айтимов — үшеуі бір учаскеде үш ауысымда алма-кезек жұмыс жасайды.
Айтимовтер отбасының жұмысы ғана емес, қызығушылықтары да бірдей. Балық аулап, аңға шыққанды ұнатады.
— Таза ауаға шығып, өзен жағасында балық аулағанды жақсы көремін. Балық аулауға немерелерімді де үйреттім. Олар қазір менен жақсы аулайды, — деп риза болады бригадир-машинист.
Избан Айтимов балалары үшін мақтанады. Нұрланы жеті жылдан бері машинистердің бригадирі болса, Русланы — буын бригадирі. Олардың өз алдына отау көтеріп, үйлі болғаны әкесі үшін үлкен жетістік. Енді немерелерінің алдында асқар таудай ақылшы болып жүруді армандайды. Өз әкесінен ерте көз жазып қалған соң, әкелік ықыласты ол ерекше бағалайды. Айтпақшы, Избанның бір інісі Тыныштыққали Айтимов өзімен бірге учаскеде кенші болып еңбек етіп жүр. Екінші інісі Жаңалық Айтимов — комбинат автобусының жүргізушісі.
— Біз қалаға келгенде комбинат жаңадан ашылып жатыр еді. Теміржолды біз бастап салдық. Бастапқыда біраз қиындық болды. Қазір техникалар да ауысты. Техникалар заманауи болған соң, жұмыс та жеңілдеді. Ұжымым өзіме ұнайды. 600 метр жердің астында жүріп өмірдің мәнін терең түсінесің. Адамдар бұл жерде бір-бірімен жақын туғанындай араласады. Шахтердің бәрі бір-бір ардагер ғой. Қызметіңе адал болу — ең басты құндылық, — дейді ол.
Избан Айтимов қазір ұлдан бес немере, қыздан үш жиен сүйіп отыр. Келесі жылы зейнеткерлікке шығады. Әзірге денсаулығына шағымы жоқ екендігін айтады.