«КМК Мұнай» кәсіподағы жұмысшыларының талаптары оң шешімін тапты

Темір ауданы аумағындағы Көкжиде кенішіндегі «КМК Мұнай» компаниясы жұмысшылары жалақыны көтеру туралы талаптарын айтып, егер мәселе шешілмесе, 10-қыркүйекте ереуілге шығатындарын мәлімдеген болатын.

Осы орайда Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы өз алаңында «КМК Мұнай» компаниясы жұмысшылары кәсіподағының бастауыш ұйым мүшелерін, жұмыс берушілер, әлеуметтік әріптестерді жинады. Кездесуге Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев, Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген «Yntymaq» салалық кәсіподағының төрағасы Т.Шаимов, Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы С.Батталов, еңбек инспекциясы жетекшілері қатысты.

Кәсіподақта ұйымдастырылған ашық диалог алаңындағы кездесуде жұмысшылар өз талаптарын жеткізді.

«Біздер еліміздегі азық-түлік бағасының өсуі мен инфляция деңгейіне байланысты қымбатшылыққа орай лайықты еңбекақы талап етеміз, жалақымыздың мөлшерін көбейтуді ұсынып, 140 жұмысшы қол қойып, бас директор Ван Цзиньбаоға, облыс әкіміне хат жолдадық. Осы өтінішіміз аяқсыз қалып отыр», – деді жұмысшылар.

Олардың басты талаптары – жалақыны өсіру, қосымша жұмыстан тыс, яғни, 15 күн мерзімнен артық жұмыс істеп, қосымша жалақы табуға мүмкіндік жасау, мемлекеттік мерекелерге сыйақылар алу және осы талаптар үшін қудаланбау.

Кездесуде тараптар өз дәйектерін келтіруге тырысты. Жұмыс берушілерге кәсіподақ өкілдерінің еңбекшілердің құқығы мен мүддесін қорғаудағы маңызды тетіктері де жан-жақты айтылды.

Бірнеше сағатқа созылған келіссөздер нәтижесінде жұмысшылардың талабы орындалатын болды. Нақты айтсақ, «КМК Мұнай» компаниясының бас директор Ван Цзиньбао жұмысшылардың талаптарын орындауға ниетті екендіктерін жеткізді, яғни үш айдан кейін жалақыны өсіретіндіктерін, қыркүйектің 15-де әр жұмысшыға 300 мың тенге көлемінде сыйақы берілетінін, қудалаудың болмайтынын айтты. Сондай-ақ, жұмыстан шығарылған 2 жұмысшы сот арқылы өздерінің дұрыстығын дәлелдесе, қайтып жұмысқа алатындарын да мәлімдеді.