Сауран ауданының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы болып Нұрсейтова Галина Жүсіпбекқызы сайланды.
Галина Жүсіпбекқызы – еңбек жолын 1990 жылы Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде әлеуметтік қызметкер болып бастады. 2016 жылға дейін осы мекемеде бас маман, бөлім басшысы қызметіне дейін көтеріліп 25 жыл қызмет атқарды. Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қызмет атқара жүріп, мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін қоса атқарды. “Қызмет” Салалық кәсіподағы Түркістан облыстық филиалдың кеңес мүшесі. Абай атамыз айтқандай «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі, өзі де есті болады»,- дегеніндей, жинаған тәжірибесіне сүйене отырып 2016 жылы жеке кәсіпкерлікпен шұғылдануды бастады.
Қазақ халқының өз ұрпағының өнегелі, абзал азамат болып өсуін армандаған. Арманға үлес қосуға, егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де, саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін, ұлтжанды азамат тәрбиелеуге үлес қосу үшін ЖШС «Түркістан-Бәйтерек» бала-бақшасын ашты.
Бүгінгі таңда 24 азаматты жұмыспен қамтып, 120 бала тәрбиеленуде. Бала- бақшаның ашылуымен қатар «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы Есебаева Кулдар Аралбекқызымен кездесу ұйымдастырып, мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымын құруға себепкер болды.
Галина Жүсіпбекқызы – өз жұмысында үлкен құрметке ие. Кәсіподақ қозғалысына белсенді араласып, кәсіподақтың өркендеуіне қосқан үлесі мол. Ұжымда қызметкерлермен бірлесе жұмыс істеу қабілеті жоғарғы дәрежеде, тиянақты, ұқыпты, сауатты басшы. Өмірде қарапайым, бір ұл, бір қыздың анасы, 5 немеренің әжесі.Өзінің еңбекқорлығының арқасында, сенімге ие болып Сауран ауданының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы болып сайланды.