Кәсіподақтар үйінің алаңында еңбегіне наразы елордалық тас қалаушылардың шағымы талқыланды

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығы ұйымдастырған жиынға Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы, еңбек инспекциясы, қалалық құрылыс бөлімі, Қазақстан құрылысшылар одағы, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы, Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясының және бірнеше құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.

Әр түрлі құрылыс компанияларында еңбек ететін тас қалаушылардың белсенділері көрсетілетін қызметтердің құнын арттыруды талап етіп келеді.

Тас қалаушы Амангелді Мұратовтың айтуынша кірпіштің текше метрі үшін 8 -10 мың теңге алады. Бұл баға соңғы 10 жылдан бері өзгермеген. Баға құнын құрылыс компанияларына қызмет көрсететін делдалдар көтермей отыр дейді.

Сонымен қатар тас қалаушылар ақысы төленбейтін, қосымша жұмыстарды атқарып отырғандығын айтты.

«Жеткізілген кірпішті тасып жинау, арматураларды кесу, қоқыс шығару және т.б. жұмыстарын орындаймыз. Қажетті еңбек құралдарын да өз қаражатымызға сатып аламыз» дейді құрылысшы Ерсайын Орынбасаров.

Сонымен бірге тас қалаушылар еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп отыр. Жұмыс уақытында демалуға және тамақтануға арналған үй-жаймен, бас мердігер тарапынан толық құрылыс материалдарымен және жеке қорғаныс құралдарымен, арнайы жұмыс киіммен қамтамасыз етуді және еңбек шарттарын жасасуды сұрайды.

«Тас қалаушылар кәсіподақ ұйымын құруға да ниет білдіріп отыр. Бірақ олардың жұмыс берушімен келісім шарты жоқ, яғни олар жалдамалы жұмысшылар болып табылады.Сондықтан жұмыс беруші мен жұмысшылардың өз міндеттерін орындауы үшін келісім шартын жасап, типтік жобасын дайындауды заңды түрде шешу керек» деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов.

Еңбек инспекциясының өкілдері нарықтық кезеңде құрылыс компанияларының басшыларына қызмет көрсету бағасын өсіруді айта алмайтындығын жеткізді.

Бұл тас қалаушылармен өткізіліп отырған төртінші кездесу. Жиын барысында мәселені шешуге бірнеше ұсыныстар айтылды. Алдағы уақытта азаматтық-құқықтық жолмен жүйелі түрде қарастырылмақшы.