«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «ШҚО цифровизация және архивтер басқармасы «Мемлекеттік архивтер» КММ еңбек ұжымымен кездесу өткізілді. Кәсіподақтың бастауыш ұйымына «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ ШҚО филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, ШҚО Кәсіподақтар орталығының заңгері Батырбек Нұрпейісов қатысты.
Салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков өз сөзінде жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде кәсіподақтардың бастауыш ұйымының рөлі және ережелерді міндетті түрде орындау туралы айтып өтті.
Шығыс Қазақстан облыстық үшжақты Келісімнің және Ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы, бүгінгі таңда кәсіподақтар тарабынан орындалып жатқан өзекті мәселелер және алдағы уақытта Федерация тарабынан Үкіметке қойып отырған сол сияқты жұмыскерлердің әлеуметтік тұрмысының жақсаруына тиісті Заңдарға өзгертулер мен толықтырулардың қажеттілігі туралы жан – жақты тоқталып өтті.
Кездесу барысында жұмыскерлер өкілдері үшжақты келісімнің 2.10. тармағының орындалмау себептерін тізбектеп берді. Үшжақты келісімнің 2.10. тармағының біліктілігі жоқ еңбек қызметкерлеріне берілетін жыл сайынғы еңбек демалысы үшін сауықтыруға арналған бір айлық жәрдемақының төленбей, осы тармақтың орындалмай тұрғаны жөнінде пікір-талас ортаға салынды. Осы мәселе жөнінде өз пікірлерін ортаға салған мекеме директоры Самат Рахметов, кәсіподақ төрайымы Бақытгүл Әділбекова, директордың орынбасары Елена Костина, кадр бөлімінің басшысы Кульмира Увалжанова, бөлім басшысы Лариса Лебедевалардың қойған талаптары нақты және мәселені шешуге кәсіподақпен бірлесе нәтижеге жетуге толық мүмкіншілік барын мәлімдеді.
Заңгер Батырбек Нұрпеисов Үшжақты келісімнің 2.10. тармағы және заң жүзінде кейбір шешімін таппай жүрген мәселелерге нақты тоқталып, толыққанды түсіндіріп берді. Сонымен қатар ҚРКФ жаңа жобасы «Заң клиникасы», оның құқықтық қызметі көрсету нысандары мен рөлі, құқықтық көмекке жүгіну тәртібі туралы түсіндірмелер берді.
Түсіпхан Түсіпбеков кездесу соңында кәсіподақ мүшелеріне Үшжақты келісімнің кезекті отырысында, келісімнің мүшесі ретінде Цифровизация және архивтер басқармасының басшысын отырыста есеп беруіне қол жеткізетінін мәлімдеді.
Бастауыш кәсіподақ ұжымдарымен кездесу кейбір көкейкесті мәселелер дер кезінде шешу үшін кәсіподақтарға жаңа жол ашатыны сөзсіз.