Көктау ауылындағы «Ақтөбе мыс компаниясының» бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесу өтті

“Кәсіподақ апталығы” аясында Хромтау ауданы Көктау ауылында орналасқан Ақтөбе мыс компаниясының еңбеккерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасы А.Әмірғалиев, әлеуметтік әріптес, Ақтөбе мыс компаниясы бас директорының орынбасары А.Шипилова, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Серікқызы және бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.

Ақтөбе мыс компаниясының бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысын енді жандандыра бастаған. Кәсіподаққа мүше болуға ниет еткендер саны әзірге 100-ге жетпейді. Алайда, Кәсіподақ ұйымына мүше болудың артықшылықтары, ұжымдық шарт аясындағы әлеуметтік кепілдіктер жұмысшыларға кеңінен түсіндірілді.
«Облыстағы тау-кен саласындағы ірі кәсіпорынның жұмыс ауқымы жыл сайын ұлғайып келеді. Біз ең алдымен жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға күш саламыз. Жалақыларын уақытында кешіктірмей төлейміз. Жұмысшылардың қайта даярлықтан өтуіне, кәсіби білімін жетілдіруіне қаржы бөлдік. Тамақтану сапасы, жатақханалардың жай-күйін де басты назарда ұстаймыз. Биыл жыл басынан бері инфляцияны ескеріп, жұмысшылардың жалақысын 35 пайыз аралығында көтердік. Жыл соңында тапқан табысымыз, кірісімізді есептеп, директорлық сыйақы деген бар, акционерлердің тапсырысымен 13-ші жалақы ретінде сыйақы береміз. Өткен жылы жалақының 60-65 пайызы көлемінде бердік», – деді жұмыс беруші тарапынан сөз сөйлеген А.Шипилова.

“Елімізде кәсіподақ туралы заң бар. Әрине, әркім кәсіподаққа өз еркімен мүше бола алады. Біз жұмысшылардың еңбек құқығы мен мүдделерін, жұмыстағы еңбек қауіпсіздігін жақсартуға, ең бастысы өндірістегі қауіпсіздікке, лайықты жалақы алуға қолдау танытамыз. Еліміздегі «Еңбек» заңнамасына сай өндірісте техникалық кеңестер құрылуы қажет. Басты құжатымыз – әлеуметтік әріптеспен жасалған ұжымдық шарт. Осы ұжымдық шарт аясында көптеген маңызды жайттарды шешуге мүмкіндіктер бар”, – деп атап өтті кездесуде Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев.

Кездесу ашық диалог түрінде өтті. Жұмысшылар көкейіндегі сауалдарына нақты жауаптар ала алды.