Мамандық таңдау сәтінде өз жүрек қалауымен болашақ кәсібін жаңылмай тапқан, сол өзінің сүйікті ісіне ұзақ жылдар бойы айнымай адалдық танытумен келе жатқан осы бір бала жанының бағбаны болған дәрігермен танысқаныма да отыз жылдан асты. Өлкенің ең кішкентай тұрғындарының дендерінің сау болып, ауырмай-сырқамай, алаңсыз, балалықтың бал дәмін татуы жолында 45 жылдай ерен еңбек еткен Жоламан Әбікұлы өзінің жетпісінші көктемін де абыройлы қарсы алды. Осынау мерейі өсіп, шат-шадыман шақта қуанышқа кенелген онымен тағы бір кездесудің сәті түсті.
1979 жылғы желтоқсан айының соңы. Жұрт жаңа онжылдықтың Жаңа жылын қарсы алуға дайындалып жатқан кез еді. Ауруханадағы кешегі кезекшілігі де қарбаласпен өтті. Қыста балалар арасында жұтқыншақ, көмей сырқаттарының өршіп, дәрігер көмегіне жүгінушілер қатарының көбейіп кететіндігіне Жоламанның да еті үйренген. Мігір көрместен әркез солардың жанынан табылады. Бүгін де жұмыстан кештеу келді.
Түн ортасына таяу кенет үйдегі қара телефонға «тіл бітті», безілдеп қоя бермесі бар ма? Ауруханадан соғып тұрған мейірбике қыз екен.
– Жоламан Әбікұлы, «Жедел жәрдеммен» бізге Жұмыскерден алты жасар бала жеткізілді. Тамағына үйіндегі шыршаның гирлянда ойыншығын жұтып қойыпты. Тыныс алуы қиын. Сізге көлік жіберілді. Тез жетуіңіз керек болып тұр.
– Жарайды, түсінікті, қазір жетемін.
Ауруханаға шұғыл жеткен жас дәрігер әлгі сәбидің қолқасына кетіп қалған ойыншықты алу қамын жасады. Жылап жатқан баланы наркозбен ұйықтатып, бронхоскопия аппаратының көмегімен қолқада тұрып қалған ойыншықты дереу шығырып алмаса, өміріне қауіп төнуі мүмкін екендігін түсінді. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде дәрігер баланың тамағынан алынған жылтырақ ойыншықты анасына көрсетті.
– Әбүиір болғанын қайтерсің, әлгі ойыншықтың ортасындағы кішкене ғана мына тесік баланың тыныс алуына себепкер болған екен. Ал, сол тесік жоқ болса ше? «Сақтансаң – сақтармын» демекші, енді баланың қолы жететін жерге мұндай нәрселерді көрсетіп ілмеу керек, – деп ескертті.
– Рахмет, сізге, дәрігер. Айтуыңыз орынды. Болашақта ескеріп жүретін боламыз.
– Жаңа жыл құтты болсын! Көңілдерінің түспесін.
Мына бір оқиғаға да қырық жылдың жүзі болған екен. Ауруханаға Индерден жеткізілген жеті жасар Асылбек сүт сүзбесінен дайындалған кәдімгі құртты жеп отырып, жұтып қойыпты. Баланың өңешке тұрып қалған соны алу керек. Жоламан қажетті жабдықтарды ығайлап, өңешке кептелген құртты эзофагоскопияны қолдану әдісімен алып шықты. Жылыойдың Шоқпартоғай ауылынан 11 жасар қыздың құлақтан болған менингит сырқатына ота жасап, ата-анасына қуаныш сыйлады.
– Мұндай жағдайлар сәбилер арасында жиі кездесіп тұрады. Тамағына балықтың шөңгесін, тиын, ілгек, моншақ, қатты кәмпит жұтып қойған балаларды талай рет өлім аузынан арашалап алдық қой. Бір қуанарлығы, соңғы 15-20 жыл төңірегінде менингит, лоронгит сырқаттарымен шетінеген сәбилер болған жоқ. Бұл – біз үшін үлкен жетістік,- дейді ардагер дәрігер әңгіме барысында.
Астрахан топырағында кіндік қаны тамып, Мұқыр ауылында балалығын өткізген Жоламан дәрігер болуды армандады. Онжылдықты бітірген соң, Алматы медицина институтына оқуға түсті. Оны педиатрия мамандығы бойынша бітірген Жөкеңнің еңбек жолы облыстық балалар ауруханасына құлақ-мұрын, тамақ ауруларын емдейтін балалар дәрігері болудан басталған-ды.
Сәбилер өмірінің сақшысы болуға екінің бірінің батылы жетпейтіні де рас. Сырқатын айтуға тілі жоқ сәбидің ауруын табу үшін байқампаздық пен қырағылық қажет. Ол үшiн баланың тәнi мен жанын жақсы бiлуiң керек. Ал, бала дәрiгерiнiң болмысы бөлек. Жас маман 1977 жылы Алматыға бес айлық қайта даярлау курсына жіберіліп, отоларингология, кейін Киевте аудиология, оңтүстік астанада бронхоскопиямен жұмыс істеу тәсілдерін меңгерді. 1984-1986 жылдары Алматының А.Н.Сызғанов атындағы Хиругия ғылыми орталығында балалардың отолорингологиясы бойынша ординатураны тәмамдады. Сонда ғылыми ізденістерге де нық қадам жасап, құлақ-мұрын, тамақ ауруларын емдеудегі өзінің ізденістері мен тәжірибелерін басылымдарда жария етті.
Облыстық ауруханада Жөкеңнің табандылығы нәтижесінде құлақ-мұрын, тамақ ауруларын емдеу бөлімшесі ашылды. Сол бөлімшеге өзі меңгерушілікке тағайындалды. Кейін осында жүріп, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының көзін жеткізу арқылы сырқат балаларды емдеуге мүмкіндік беретін қосымша кереует орын бөлуге қол жеткізді. Араға тағы да уақыт салып, 1995 жылы балалар ауруханасында лор бөлімшесі құрылып, сонда меңгеруші болып жиырма жылдай қызмет жасады.
Емдеу мекемесі Германияның «Карлстроц» фирмасының заманауи медициналық құрал-жабдықтарымен, аппараттарымен жарақтанып, балалардың құлақ-мұрын, тамақ ауруларын емдеп, сауықтыру, оқыс жағдайлар орын алғанда жедел оталар жасауға мүмкіндік туды. Кішкене балалардың арасында тыныс жолдарына, қолқаға, өңешке түрлі бөгде нәрселердің кетіп қалуы жиі кездеседі. Мұндай кездерде жедел жәрдем көрсетіп, оларды дер кезінде медицианалық аспаппен алу үлкен шеберлік пен дәлдікті қажет ететіндігі де түсінікті. Сөйтіп, осындай дер кезінде көрсетілген көмектен талай сәбидің ажал тырнағынан құтқарғанына әріптестері мен ата-аналары да куә болған-ды.
Жоламан Өтемағамбетов аймақтың санитарлық авиациясына да басшылық етіп, өз қолтаңбасын қалдырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар отоларингологы ретінде өңірдің барлық аудандары мен шалғай елді мекендерін аралап, сырқат балаларға ем-дом жасады. Ата-аналарына ақыл-кеңесін беріп, насихаттық бағыттағы әңгімелерін де белсенді жүргізді. Ауруханада кәсіподақ комитетіне жетекшілік еткен Жөкең көптеген әріптестерінің әлеуметтік мәселелерін шешу, құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсартуға да лайықты үлесін қосты.
– «Дені сау бала – дені сау ұлт» демекші, міндетім балалардың денсаулығына жауапты маман болғандықтан селқос қарауға мүлдем болмайды. Өзі ауырып отырған баламен тіл табысу әрине, оңай емес. Әсіресе, бес жасқа дейінгі балалар ақ халат киген дәрігерді көрсе көңілдері түсіп, қашақтай бастайды. Сондықтан біз ең алдымен ата-анасымен тіл табыса білуіміз керек. Сонда ғана әрекетімізге, жылы сөйлегенімізге қарай кішкентай емделушіміз де бізге қарай жақындайды,- дейді Жөкең өмірден түйген тәжірибесін ортаға салып.
Жаны қиналып тұрған сәбидің ата-анасына қуаныш сыйлауды үлкен бақыт санайтын, ақ халат киіп жүргенді мақтан тұтатын Жоламан Әбікұлы өзінен кейінгі Руслан Ақмолдиев, Батырбек Құспанов, Гүлбаршын Әйденова сынды кәсібіне төселген ізбасарларының болғанына қуанады. Бүгінде зейнет демалысында болғанымен ол өзінің сүйікті ісінен әлі ажырылғысы келмейді. Бұған дейін «Салюс», «Интертич», «Caspian-medical» клиникаларында жұмыс жасаса, соңғы кезде ардагер «Doktor-plus» емдеу мекемесінде дәрігерлік қызметін абыройлы жалғастыруда.
Жөкең балалар денсаулығын сақтап, қорғаудағы абыройлы қызметі үшін министрліктің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 25 жыл» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, кәсіподақ ұйымдарының мақтауларымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Адам өміріне араша болу оңай емес. Ал, дәрігер болып, осы жолды таңдағаннан кейін жақсы дәрігер болуға ұмтылу керек. Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық – дәрігер бойында болатын қасиеттер. Бірақ бұның бәрінен дәрігерге қажет ең негізгі қасиет – шыдамдылық. Әсіресе, жас мамандарға шыдам мен сабыр бастапқы уақытта тіптен қажет» дейді талай сәбилерге саулық сыйлаған біздің кейіпкеріміз – Жоламан Өтемағамбетов.
Жетпістің желкенін керген Жөкең мен жан жары Әдемі жеңгей – екеуі ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырған, өрістері кеңейген бақытты отбасы. Бүгінде олардан өрген немере-жиендер ата-әжесінің көз қуаныштарына айналуда.
Нұрғабыл Айтмұхамбетов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты:
– Сәбилердің сау болуына қырық жылдан астам тер төгіп, талай түндерін ұйқысыз өткізген әріптес ағамыз Жоламан Әбікұлы – облыста балалардың құлақ-мұрын,тамақ ауруларын емдеу қызметін алғашқы ұйымдастырушы. Тапсырылған жұмысына шын берілген, өз мамандығына адал, балалар үшін бар ынта-ықыласын салатын Жөкеңнің кейінгі жас мамандарға берген үлгі-өнегесі де мол. Аурухана ұжымы ардагер ағамызды қашан да мақтан етеміз.