«Кәсіподақ апталығы» аясында Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы А.Әмірғалиев Көктау ауылындағы дәрігерлік амбулаториясының еңбек ұжымымен кездесті. Амбулаторияда 11 адам еңбек етеді. Амбулатория Көктау, Көктау-2, Көктобе және Аққұдық ауылдарының барлығы 4 жарым мыңнан астам тұрғынға қызмет етеді. Амбулаторияда жалпы тәжірибе дәрігерлері, медбикелер, тіс дәрігері де бар. Бастысы – тұрғындар медициналық қызметке риза.
Кездесуде медицина қызметкерлері, бастауыш кәсіподақ ұйым мүшелері өздерінің сауалдарын қойды. Мәселен, медбике А. Әбдіқалықова жұмыстан тыс уақытта түнгі мезгілде тұрғындар тарапынан денсаулықтарына байланысты шақыртулар жиі болатыны, оларға селолық округтер арасында шақыртуларға барғаны үшін қосымша жалақы төлену тиістігі туралы сауал қойды.
Жиында сөз алған аумақтық бірлестік төрағасы А. Әмірғалиеві еңбек ұжымдарымен кездесу барысында еңбеккерлерге еңбекті қорғау ,еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және құқықтық көмек беру туралы кеңінен түсіндірді.
Негізінде, ұжымдық шарт аясында кәсіподақ арқылы ауылдық жерден тұрғындарда аудан орталығына апарғаны үшін оларға төлем қарастырылған.
Жуырда амбулаторияға «Ақтөбе мыс компаниясы» медициналық жедел жәрдем көлігін алып берген.
Кездесу соңында сауалдарға нақты жауаптар берілді.