“Кәсіподақ апталығы” акциясы аясында “Маңғыстау облысының кәсіподақ орталығы” АКБ төрағасының орынбасары Кеңшілік Данияр “Арнайы техника” жергілікті кәсіподақ” ҚБ төрағасы Губашев Дауренмен кездесу өткізді.
Кездесудің мақсаты – еңбек қатынастары мәселелерін талқылау және түсіндіру. Қызметкерлер тарапынан да, жұмыс берушілер тарапынан да қолданыстағы Еңбек кодексін бұзуға жол бермеу.
Бұған дейін, ағымдағы жылдың 11 тамызында Дәурен Губашев “Ақтаукрантехсервис” ЖШС, “СапаЖөндеу” ЖШС, “Қаламқасгаз” ЖШС, “Трансабис” ЖШС қызметкерлерінің атынан Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атына хат жолдаған болатын. Өтініште жоғарыда аталған кәсіпорындар қызметкерлерінің барлық негізгі талаптары жазылған. Сондай-ақ олар кәсіпорын басшылығына да хат жолдады, бірақ бұл хаттар назарға алынбай, нәтижелі жауаптар берілмеді. Қызметкерлердің негізгі талаптары осы кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құру, ұжымдық шарттарға қол қою болды. Сонымен қатар, қызметкерлер жалақыға қатысты наразылықтарын білдірді.
Өз кезегінде, “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ өкілдігі компания қызметкерлерінің өкілдерімен және “АрнайыТехника” жергілікті кәсіподақ” ҚБ төрағасымен кездесті. Кездесу барысында қызметкерлер еңбек қатынастары саласындағы өз құқықтарының бұзылуы туралы айтып, өздерінің бірнеше талаптарын енгізді. Сонымен қатар, қызметкерлер олардың талаптары орындалмаған жағдайда кәсіпорындардағы жұмыс белгілі бір мерзімге тоқтатылатынын ескертті.
Айтылған талаптардан кейін “ҚазМұнайГаз” ҰК АҚ өкілдігінің атқарушы директоры Е. Өтеевтің төрағалығымен тапсырыс беруші “ММГ” АҚ, “ОСК” ЖШС, “ОТК” ЖШС, “МЭМ” ЖШС, “ККМ” ЖШС басшылығының қатысуымен кеңес өткізілді. Кеңесте қызметкерлердің талаптарын шешу жолдары талқыланып, Тапсырыс беруші кәсіпорындардың басшылығына, мердігер кәсіпорындарға тиісті тексерулер ұйымдастыру және нақты шаралар қабылдау туралы тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта тараптар келісімге келіп, тапсырыс берушілердің, жұмыс берушілердің және еңбек ұжымдарының өкілдерінен жұмыс тобын құруға шешім қабылдады. Жұмыс тобы бір ай мерзімде ұжымдық шарттарға әлеуметтік топтаманы енгізу бойынша жұмыскерлердің талаптарын қанағаттандыру мүмкіндігін бағалау үшін жоғарыда көрсетілген мердігерлік компаниялардың экономикалық жағдайын тексереді. Еңбек ұжымдары қозғаған басқа да мәселелер ҚР Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес шешілетін болады.