«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі өтті. Жиынға салалық кәсіподақтар филиалдарының төрағалары, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты.
Кеңестің күн тәртібінде 10 қазан – ҚР «Кәсіподақтар күніне» орай марапаттаулар туралы, «Кәсіподақтар күніне» орай ҚР Кәсіподақтар федерациясының қатысуымен 2022 жылдың 24-ші қыркүйек күні өтетін Республикалық форум жайлы және Шымкент қаласында өтетін футбол турнирі туралы, бекітілген кестеге сәйкес бастауыш кәсіподақ ұйымдарын аралап, еңбек адамының жұмыс жағдайымен танысу, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының хаттамалық тапсырмалары аясында жұмыс жүргізу жайы талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөз алған Бауыржан Ілімшеұлы алдағы келе жатқан «Кәсіподақтар күніне» орай өтетін іс-шаралар тізімін айқындап, салалық кәсіподақтар филиалдарының төрағаларына тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ, кеңес қатысушылары алда келе жатқан «Кәсіподақтар күніне» орай марапаттауға ұсынылатын қызметкерлерге дауыс беріп, шешім қабылдап, бірауыздан қолдады. Одан бөлек, күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша салалық кәсіподақ филиалдары басшыларының «QAZAQSTAN KÁSIPODAǴY» газетіне жазылу туралы мәліметтері тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді.
Жиын соңында Бауыржан Ілімшеұлы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының хаттамалық тапсырмалары аясында жұмыс жүргізу жайы талқыланып, атқарылар тірлікте – бірлік болса, жұмыстың жандана түсетінін алға тартты.