«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ақтөбелік энергетиктер жалақыны арттыру мәселесін көтерді

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Ақтөбе облысындағы «Ақтөбе жылу энергия орталығы» АҚ-ның бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелерімен онлайн кездесу өткізді.

Кездесуді ашқан Ақтөбе облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев жұмысшы мен жұмыс берушінің қарым-қатынасының сапасын жақсарту үшін ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі биылғы жылды Әлеуметтік әріптестік жылы деп жариялағанын атап өтті.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Балауса Жайбергенова қазіргі уақытта кәсіпорында 595 адам жұмыс істейтінін, барлығы кәсіподақ мүшелері екенін айтты.

«2021 жылы шілде айында ұжымдық шартқа бастауыш кәсіподақ ұйымның ұсынымдарын ескере отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның нәтижесінде біраз әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерге қол жеткізіп отырмыз», – деді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Кәсіподақ мүшесі, инженер Владимир Ременный кәсіподақ тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді.

Өз кезегінде кадр бөлімінің басшысы Ләззат Калменова: «Өздеріңізге мәлім, жалпы республика бойынша энергетика саласы еңбеккерлерінің жалақысы төмен. Осы жалақыны көтеру мәселесін айтқымыз келеді. Екінші мәселе – ол кадрлардың тұрақтанбауы. Шыны айтуымыз керек, жастар бізге келіп, аздаған уақытта тәжірибе жинақтап алған соң, жалақысы жоғары басқа мекемелерге ауысып кетеді. Зейнетке шықса да, қазіргі білікті мамандарымызды ұстап отырмыз. Осы жалақыны көбейту мен кадрды тұрақтандыру мәселесіне назар аударсаңыздар», – деп атап өтті.

«Жалпы республика бойынша бұл мәселе барлық энергетиктер үшін ортақ. Оны шешу жолдарын қарастырып отырмыз. Әлеуметтік әріптестердің қолдауымен биыл «Ақтөбе ТЭЦ» жұмысшыларының жалақысы жыл басынан бері екі рет өсті. Қазір орта есеппен 65 пайызға жұмысшылардың жалақысын өсірдік деп айта аламыз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Жолдауында энергетика саласында тарифтерді көтеру арқылы бағаны реттеу, жұмысшылардың жалақысын көтеру жайы айтылды. Сондықтан, бұл мәселелер шешімін табады деген сенімдеміз», – деді Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас.

Ақтөбелік бастауыш кәсіподақ ұйым мүшелерінің сұрақтарына жауап берген ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев облысты жылумен қамтып отырған стартегиялық маңызды технологиялық өндіріс орнында еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігіне аса мән берілу қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қызметіне қандай қолдау көрсетілетінін сұрады.

Кәсіподақ мүшелері әлеуметтік әріптестік аясында ұжымдық шарт арқылы қосымша төлемдер қарастырылғанын айтты.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары бастауыш кәсіподақ ұйым мүшелеріне Федерация қызметінің өзекті бағыттары туралы жан-жақты айтты.

ҚРКФ Халықаралық кәсіподақ қауымдастықтарымен бірлесе жұмыс жасап, қарапайым еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында көптеген бастамаларды қолға алғанын, соның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларын ратификациялау жұмысын жүргізіп жатқандығын жеткізді.

«Біз қазір ХЕҰ конвенцияларын ратификациялау бойынша жұмыс жасаудамыз. Сіздер сияқты еңбек адамдарының лайықты жалақы алып, кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құрып, әлеуметтік әділеттілікті ілгерілетуге бағытталған бастамаларды қолға алудамыз. Ұжымдық шартта көп нәрсе көрсетілуі тиіс. Мәселен, ҚР Президенті Қ.Тоқаев жуырдағы Жолдауында елдегі жылу желілерінің 57 пайызға ескергенін, жаңа тарифтік саясат құру қажеттігін атап өтті. Инфрақұрылымға инвестиция тартылса, жұмысшылардың да әлеуметтік жағдайының көш ілгері жақсарары сөзсіз», – деп атап өтті Нұрлан Өтешев.

ҚРКФ төрағасының орынбасары кездесу қорытындысында «Ақтөбе ТЭЦ» АҚ ұжымында еңбек қатынасының дамуындағы кәсіподақтың жүйелі жұмысы және өзара тиімді әлеуметтік әріптестік үшін өңірлік кәсіподақтар өкілдеріне және еңбек ұжымына алғысын білдірді.