Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының заңгерлері жұмыс сапарымен Қарғалы, Хромтау аудандарында болды.
Басты мақсат – білім беру ұйымдарында еңбек заңдылықтарының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу. Кәсіподақ өкілдері алдымен Хромтау қаласындағы жалпы орта білім беретін №4 мектеп пен №2 мектеп- гимназиясына барды.
Бақылау барысында мамандар еңбек шарты мен ұжымдық шартта көрсетілген міндеттемелердің орындалуына баса назар аударды. Сондай-ақ, қосымша келісім мен ішкі еңбек тәртібі туралы құжаттар, мұғалімдердің жүктемесінің бөлінуі, олардың заңнамаға сәйкестігі зерделенді.
Қоғамдық бақылау жұмысы Қарғалы ауданында жалғасты. Аудандық білім кәсіподағы көшбасшы мен заңгердер Шәмші Қалдаяқов ауылындағы «Бөбек» балабақшасы мен В.Пацаев ат. жалпы орта білім беретін мектепте қоғамдық бақылау жүргізді.
Кəсіподақ қызметкерлері қоғамдық бақылаумен қатар, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, еңбек заңнамасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңестер берді.
Еңбек қатынастарына байланысты туындаған сұрақтарға жауап беріп, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына әдістемелік көмек көрсетті.