Медицина қызметкерлері өз талаптарын жеткізді

Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде “Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы” ШЖҚ МКК жүздеген қызметкерлері жазбаша хабарламасыз ереуілге шықты. Наразылық акциялары Мұнайлы, Түпқараған аудандарында, сондай-ақ Ақтау және Жаңаөзен қалаларында өтті.

“Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығы” АКБ бастамасы бойынша ағымдағы жылдың 13 қыркүйегінде кәсіподақ ғимаратында Ақтау қаласы №2 сотының төрағасы Рахымжан Бейсеновпен ереуілге шыққан қызметкерлердің кездесуі өтті. Сондай-ақ кездесуге жедел және шұғыл көмек станциясының басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, “Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығы” АКБ басшылығы қатысты. Сонымен қатар, облыстың кәсіби медиаторлары тартылды. Сот төрағасы ереуілшілердің талаптары мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесу ҚР Еңбек кодексінің ережелерін және заңнама аясында кейінгі іс-қимылдарды жүзеге асырудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында өтті.

Облыстық жедел және шұғыл жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Амантай Досжановтың айтуынша, қазіргі уақытта қызметкерлер барлық қажетті төлемдерді алды.
“Ақша бар, біз жалақыны уақытында төледік, үстемеақыны да төледік. Жалақы беру, бұл біздің міндеттеріміз, біз орындауымыз керек, олар ұжымдық шартта бекітілген. Біз оны 9 қыркүйекте үстемесіз төледік. Осы айдың 10-ы сенбіге түскенін ескерсек, Дүйсенбі, 12 қыркүйек күні сағат 11 – ге дейін біз 40 мың теңге көлемінде үстемақы жібердік”, – деді Амантай Досжанов.

Барлық қалыптасқан жағдай үлкен қауіп төндіреді, өйткені облыс тұрғындары жедел медициналық көмекті уақытында ала алмайды, бригадалар жетіспейді. Күніне 1000-нан астам қоңырау келіп түседі, бұл күндері тек екі бригада жұмыс істеді. Мәселе өңір басшысының бақылауында. Қазіргі уақытта жинақталған мәселелер шұғыл түрде шешілуде, сондықтан қызметкерлер өз қызметіне кірісіп, аймақ азаматтары шұғыл медициналық көмек ала алады.