Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өңірдегі ең ірі медициналық ұйым – Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының ұжымымен кездеті. Бүгінде бұл ауруханада 1278 адам жұмыс істейді, оның 158 дәрігерлер болса, 644-і орта медициналық және техникалық персонал. Аталмыш облыстық аурухана – «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымы.
Басқасуда Бағлан Қарашолақов облыстық кәсіподақтар орталығының жұмысына тоқтала отырып, казіргі кезде жұмысшылардың мүдделерін қорғау және еңбек адамдарының лайықты жалақы алу мәселелерін кеңінен тарқатты. Өз кезегінде ауруханының бас дәрігері Қайрат Жетібаев аурухана жұмысының мән-жайын, ондағы медицина қызметкерлеріне жасалаған жағдайды баяндады.
Жиын барысында осы ұжымның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнәр Төребекова мекемеде қабылданған ұжымдық шарттың ұтымды тұстарына тоқталды. Атап айтқанда, ұжым қызметкерлеріне мереке күндері, түнгі уақытта және демалыс күндеріндегі жұмыстарының әрбір сағатына екі есе мөлшерде төлем жүргізіледі. Сондай-ақ еңбек демалысы ұзақтығының ұлғайуы және тағы басқа да тұстарын атап өтті.
Сонымен қатар кәсіподақ мүшелері медицина мамандарының жалақы мөлшері мен еңбек жағдайлары туралы қойылған сұрақтарына жауап берді.
Кездесуді қорытындылаған кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясы тарапынан еңбек адамын ұлықтау, жұмысшылардың еңбек мүдделері мен құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіле беретінін атап өтті.