Мұғалім – жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық . Сол себепті «ұстаз» есімі қашан да ұлағатты. Өз мамандығына кір келтірмей, қыз балалардың еңбекке деген құштарлығын арттырып, қолөнердің сан қырлы құпиясымен таныстырып келе жатқан ұлағатты ұстаз- Ойыл қазақ орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Базарова Рая Кәкиқызы. Өз ісінің білікті маманы педагогика саласында 40 жылға жуық қажырлы еңбек етіп келеді. Рая Кәкиқызы 1964 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Ақшатау елді мекенінде дүниеге келген. 1972 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1979 жылы Ақшатау сегіз жылдық мектебін тәмамдап, педагогикалық училищенің «мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбие» мамандығын меңгеріп шығады. Кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне түсіп, «Еңбек» мамандығын игереді. Еңбек жолын Жекенді балабақшасында тәрбиеші болып бастаған. 1994 жылдан бастап Ойыл қазақ орта мектебіне жұмысқа орналасады. 2008 – 2020 жылдары ұжым мүшелерінің ұсынуымен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып тағайындалды.
Оның еңбек жолында жеткен жетістері аз емес. Шәкірттерін де аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатыстырып, талай бәйге алып жүр. Атап айтсақ:
2018ж. Өскелелең ұрпақты оқытумен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстары үшін Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болған.
2018ж. Білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарымен қорғау бағытындағы атқарған қызметі үшін облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталған.2018ж. “Шеберлер қаласы: ата- бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз” атты өлкетану шығармашылығының республикалық көрмесінің қорытындысы бойынша оқушылардың қабілетін ашып, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастырғаны үшін ҚР білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын иемденген. 2019 ж. «Шығармашылық әлемі» атты республикалық фестиваль-байқауында өнер көрсетіп, шеберлігін танытқаны үшін I орын алған. «Ұстаздар тілегі» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған Республикалық Көркем еңбек пәні мұғалімдері олимпиадасының жеңімпазы атанды.
Рая Кәкиқызының есімі республикалық «Бабалар аманаты» және “Алтын тұмар” облыстық көркем еңбек пәні мұғалімдерінің шығармашылық жинақтарына енді.
“Менің басты мақсатым – шәкірт тәрбиелеу, оларды еңбекке баулу. «Бала – басты байлығымыз. Ал ең асылымыз – оның тәрбиесі» деген екен Жүсіп Баласағұн бабамыз. Осы қағида – менің де басты ұстанымым”-дейді ұлағатты ұстаз.